Антон Макаренко атындағы № 6 орта мектебінің оқушыларына экскурсия
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Жас өлкетанушы» танымдық бағдарламасы бастау алды. Іс-шара аясында Антон Макаренко атындағы № 6 орта мектебінің оқушыларына тұла бойы тарихқа толы Тараз қаласының орталығында орналасқан киелі де сәулетті ескерткіштердің бірі – Қарахан және Дәуітбек кесенелеріне экскурсия жүргізілді. Сонымен қатар, оқушылар кесененің қосымша худжра бөлмелерінде қазба жұмыстары барысында ежелгі Тараз қалашығынан табылған жәдігерлерден құралған экзпозицияны тамашалады. Атап айтсақ: Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сынапкөзелер, шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар.
Содан соң рухани құндылықтардың ордасы болған «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған ортағасырлық қала орнын таныстырып, қалашық тарихына саяхат жасалды. Оқушыларға викториналық сұрақтар қойылып, сый-сыяпаттар берілді.
Үйірме барысында оқушылар тарихи-мәдени мұраларымызбен, ежелгі қаланың архитектуралық құрылысымен, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар, ірі мәдениет ошақтарының бірі болған Тараз шаһарының тарихымен танысты. Танымдық бағдарламаны ұйымдастыруда көзделген басты мақсат – оқушылардың танымын жетілдіре отырып, еліміздің өткен тарихын, мәдени құндылықтарын бағалай білуді және құрметтеуді үйрету.