5 күндік танымдық бағдарламасының соңы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен өткзілген 5 күндік танымдық бағдарлама өз мәресіне жетті. Аталмыш бағдарламаның соңғы күнінде музейдің жәдігерлерді қалпына келтіруші қызметкері Бауыржан Тазан балаларға экспонаттарды қайта қалпына келтіру үшін қандай әдістерді қолдану керек екендігі жайлы, сондай-ақ артефактілерді сақтау бойынша қандай жұмыстар жүргізілетіндігі, музей қорлары қалай толықтырылатындығы жайлы ақпаратпен бөлісті.
Үйірме аясында оқушыларға мекемеге қарасты «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған құнды әрі бірегей жәдігерлер ұсынылды. Балалардың алдына қойылған жәдігерлердің құндылығын әрі мән-мағынасын музей қызметкерлері таныстырды. Музей экспонаттарының тарихымен танысқан оқушылар кейіннен өздері қалаған жәдігердің суретін салды. Үйірме соңында оқушыларды алғыс хаттармен марапаттап, сый-сыяпаттар таратылды. Оқушылар танымдық бағдарламаны ұйымдастырушы қызметкерлерге алғыстарын білдіріп, үйірме кезінде өздерінің үлкен қызығушылықтарын танытып, алған әсерлерін таңданыспен жеткізді.
Танымдық бағдарламаны ұйымдастыруда көзделген басты мақсат өскелең ұрпақты тарих, археология, мәдениет салаларына тартып, еліміздің тарихы мен мәдениетін терең танып білуіне жол ашып, болашақта олардың ел тарихын зерттейтін маман болып қалыптасуына әсер ету болып табылады.