И. Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының оқушыларына «Өлкенің жас археологы» атты 5 күндік танымдық бағдарлама
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен рухани құндылықтардың ордасы болған «Көне Тараз» археологиялық саябағында қалалық И. Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының оқушыларына «Өлкенің жас археологы» атты 5 күндік танымдық бағдарлама басталды. Танымдық іс-шара аясында оқушыларға музей қызметкері Гүлмарал Үшкемпірқызы көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар, ірі мәдениет ошақтарының бірі – көне Тараз шаһарының тарихына тоқталып, танымдық дәріс оқыды.
Музей экскурсоводы Фариза Нұрқожақызы 2011–2017 жылдар аралығында «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған ортағасырлық қала орнын оқушыларға көрсетіп, экскурсия жүргізіліп, қалашық тарихына саяхат жасалды. Үйірме аясында оқушыларға квэст ойындары ойнатылып, оқушылар өзін археолог сезініп, музей қызметкерлері жасырған жәдігерлерді тауып, қуаныштарында шек болмады.
Үйірме оқушылардың танымын жетілдіре отырып, еліміздің өткен тарихын, мәдени құндылықтарын бағалай білуді және құрметтеуді үйретеді. Көзделген басты мақсат өскелең ұрпақты тарих, археология, мәдениет салаларына тартып, еліміздің тарихы мен мәдениетін терең танып білуіне жол ашып, болашақта олардың ел тарихын зерттейтін маман болып қалыптасуына әсер ету болып табылады.