Ежелгі Тараздың «RAUAN» бағдарламасына сұхбаты
18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері «JAMBYL TV» телеарнасының «RAUAN» атты таңғы бағдарламасына тікелей эфирде сұхбат берді. Сұхбат барысында айтулы күнге орай әріптестерін құттықтай отырып, музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, зерделеу және насихаттау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Сонымен қатар, «Көне Тараз» аспан асты саябағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, тарих тұңғиығынан сыр шерткен құнды әрі бірегей жәдігерлердің тарихымен таныстырды. Атап айтсақ, бүтіндей көмбе күйінде табылған әйел адамның алтын, күміс әшекейлері: білезіктер, сырғалар, моншақтар және сұйықтық сақтауға арналған сынапкөзелер, қоладан құйылған шырағдандар, белдік бөліктері және сиясауыт көпшілік назарына ұсынылды.
Қорытындылай келе, музей қызметкерлері ата-бабамыздан мирас болып қалған сан ғасырлық тарихты өскелең ұрпаққа дәріптеуге, туған жердің мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге, туған жеріміздің рухани және құнды мұраларын көздің қарашығындай қастерлеп сақтауға шақырды.