Базарбай Бурабаевқа сапар
Жеңіс күні – Қазақстан халқы үшін айтулы мереке. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған қазақстандық неміс фашизміне қарсы күресте жан алысып, жан беріскеніне тарих куә. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің сол жылдардағы ерен еңбегі – бүгінгі ұрпақтың мәңгілік есінде. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері 98 жастағы Базарбай Бурбаевтың шаңырағында болып, қарияны Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, ақ батасын алып қайтты.
Базарбай Бурбаев 1924 жылы 10 желтоқсанда Жамбыл қаласында дүниеге келген. Каганович атындағы мектепте оқыған. 1942 жылы әскерге шақыртылған. 393-атқыштар полкінде минометші болған. Манчжурия, Мугден, Харбин тағы басқа қалаларды азат етуге қатысқан. Ерлігі мен қайсарлығы үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Манжуриядан 1947 жылы елге оралған. 1949 жылдан 1988 жылға дейін Жамбыл локомотив депосында машинист болып қызмет атқарған. Сонымен қатар «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де – осынау мерекенің жемісі. Бүгінгі ұрпақ ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауыр күндердегі адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін бас иіп алғыс білдіреміз! Сіздерге мықты денсаулық, бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз!