«Тараз – өткеннің куәсі, қазіргінің өнегесі» жылжымалы көрме
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Көліктегі Полиция Департаментінің Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне «Тараз – өткеннің куәсі, қазіргінің өнегесі» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырып, танымдық дәріс оқыды.
Ең алдымен тарихшы Мадина Мананбайқызы көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті. Содан соң ғылыми қызметкер Ұлжалғас Шаизханқызы музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды.
Мекеме тарихшысы Гүлмарал Үшкемпірқызы 2011–2017 жылдар аралығында мекемеге қарасты нысанның бірі – «Көне Тараз» аспан асты саябағында жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде табылған қала орны мен құнды әрі бірегей жәдігерлердің тарихын баяндады. Атап айтсақ, әр кезеңге жататын мәдени қабаттан табылаған қыш бұйымдары мен металдан жасалған бұйымдардың мерзімін, жасалу техникасы мен пайдалану мақсаттарын түсіндірді.
ҚР ІІМ Полиция департаментінің қызметкерлері танымдық дәрісті үлкен қызығушылықпен тыңдап, көптеген сұрақтар қойып, көрмеден алған әсерлерін таңданыспен жеткізді. Іс-шара соңында департамент басшысы полиция полковнигі Қ. Орынбеков мырза ұжым қызметкерлеріне өз алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.