«Zhambyl Investment and Economic Forum – 2023» басталуы
Ағымдағы жылдың 26–27 сәуір күндері Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Zhambyl Investment and Economic Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы өтті. Ауқымды іс-шара туризм, өнеркәсіп, цифрландыру және ауыл шаруашылығы сияқты экономиканың түрлі салалары мен секторларында инвестициялық мүмкіндіктерді ілгерілету мақсатына негізделді. «ZHEIF – 2023» форумына жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнестің 700-ден астам өкілі, инвесторлар, сарапшылар мен пікір көшбасшылары, сондай-ақ, салалық министрліктердің өкілдері мен түрлі компаниялардың басшылары қатысты.
Форум аясында 26 сәуір күні қатысушыларға Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы бірлесіп, Қарахан, Дәуітбек, Айша бибі, Бабаджа хатун, Ақыртас нысандарына және «Көне Тараз» археологиялық саябағына ақпараттық тур ұйымдастырды. Экскурсия барысында форум қатысушылары музей-қорық қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, алған әсерлерін таңданыспен жеткізді.
Жамбыл облысының туристік әлеуетін өсіру мен музей-қорыққа тиесілі нысандарды насихаттау, әрі туристік тартымдылығын арттыру мақсатында 27 сәуір күні «Leyli Travel» ЖК, «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС, «Золотой караван» ЖШС, «Каралма» ЖШС, «EverestTime» туристік компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «ZHEIF – 2023» форумы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы үшін тиімді, әрі нәтижелі аяқталды.