Шайқорық орта мектебіне «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Шайқорық орта мектебіне «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме жасақталып, «Тарих төріндегі Тараз» тақырыбында танымдық дәріс оқылды. Дәріс барысында оқушыларға музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты аңыз, әңгімелермен таныстырды.
Оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Атап айтсақ, әр кезеңге жататын мәдени қабаттан табылған қыш бұйымдары мен металдан жасалған бұйымдардың мерзімін, жасалу техникасы мен пайдалану мақсатын түсіндірді. Онда VIII–ІХ ғғ. жататын соғдылық үлгіде жасалған қыш құмыра, Рим стиліндегі амфора құмырасы; зергер көмбесі, қола шырағдандар, алтын тиын (соғдылық псевдосолид), нефрит, күміс белдік жапсырмалары т.б. заттар қойылды.
Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Жылжымалы көрменің жасақталуы мен дәріс оқудың басты мақсаты – ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы, ұлтымыздың рухани байлығы – құнды жәдігерлерді өскелең ұрпаққа насихаттап, дәріптеу болып табылады. Шайқорық орта мектебінің оқушылары алғыстарын білдіріп, өздерінің үлкен қызығушылықтарын танытып, көрмеден алған әсерлерін таңданыспен жеткізді. Аталмыш мектептің ұстаздары «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымына өз алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.