М. Әуезов атындағы Тараз қалалық кітапханасының «Қош келдің, құтты Наурызым!» этномерекесі
Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Наурыз — шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айландырған. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек. Наурыз - барша мұсылман әлемі тойлайтын ұлы мереке, Ұлыстың ұлы күні.
Осы орайда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы М. Әуезов атындағы Тараз қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Қош келдің, құтты Наурызым!» этномерекесіне атсалысты. Іс-шара аясында «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме жасақталды.
Жылжымалы көрме барысында қонақтар музей-қорыққа қарасты Республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер жайында ақпарат алып, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Қонақтар назарына әр кезеңге жататын мәдени қабаттан табылған қыш бұйымдары, әйел адамның әшекейлері (моншақтар) мен металдан жасалған бұйымдардың мерзімі, жасалу техникасы мен пайдалану мақсаты түсіндірілді.
Аталмыш жиын соңында кітапхана ұжымы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымына өз тарапынан алғысын білдіріп, шексіз ризашылықтарын жеткізді.