125 International High School Халықаралық жоғарғы мектебіндегі «Наурыз айы – Ұлттық құндылық» атты айлығының аясында «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме
«Көрісу мерекесі» тұсында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері 125 International High School Халықаралық жоғарғы мектебіндегі «Наурыз айы – Ұлттық құндылық» атты айлығының аясында «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме жасақтап, «Тарих төріндегі Тараз» тақырыбында танымдық дәріс оқыды.
Дәріс барысында оқушылар музей-қорыққа қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты аңыз-әңгімелермен танысты.
Оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Атап айтсақ, әр кезеңге жататын мәдени қабаттан табылған қыш бұйымдары мен металдан жасалған бұйымдардың мерзімі, жасалу техникасы мен пайдалану мақсаты түсіндірілді.
Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Жылжымалы көрменің жасақталуы мен дәріс оқудың басты мақсаты – ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы, ұлтымыздың рухани байлығы – құнды жәдігерлерді өскелең ұрпаққа насихаттап, дәріптеу болып табылады. 125 International High School ұжымы мен оқушылары музей-қорық ұжымына алғыстарын білдіріп, өздерінің үлкен қызығушылықтарын танытып, көрмеден алған әсерлерін таңданыспен жеткізді. Аталмыш жиын соңында мектеп директорының қоғамдық жұмыстар жөніндегі орынбасары «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымына өз тарапынан жеке алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.