«Жамбыл облысының аймағында орналасқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ескерткіштердің қорғау аймақтарын белгілеудің проблемалары» тақырыбында жиын
Ағымдағы жылдың 10 наурыз күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Жамбыл облысының аймағында орналасқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ескерткіштердің қорғау аймақтарын белгілеудің проблемалары» тақырыбында жиын өтті.
Аталмыш жиынның басты мақсаты – тарихи-мәдени объектілер бойынша, тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау, құрылыс салуды реттеу және табиғи ландшафт аймақтарының шекарасын айқындау; ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ескерткіштердің (Ақыртас, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақтөбе (Баласағұн) қорғау аймақтарын алгоритм негізінде жасалатын жұмыстары жайлы білікті мамандардан толық ақпарат алу.
Іс-шара басталмас бұрын мекеменің ұйымдастыруымен ежелгі Тараз қалашығынан табылған құнды жәдігерлерден тұратын «Тараздың жауһар жәдігерлері» атты жылжымалы көрме жасақталды. Онда VIII–ІХ ғғ. жататын соғдылық үлгіде жасалған қыш құмыра, Рим стиліндегі амфора құмырасы; зергер көмбесі, қола шырағдандар, алтын тиын (соғдылық псевдосолид), нефрит, күміс белдік жапсырмалары қойылды.
Жиынды ашу салтанаты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Берік Мырзалыұлы Жүсіповқа берілді. Сөз алған Берік Мырзалыұлы аталмыш жиынның мақсатын және осында талқыланатын мәселелерді атап өтті. Келесі алғы сөзді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары – Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек сөйледі. Әрмен қарай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Тарихи-мәдени мұра» басқарамасының басшысы – Жанат Сейдалиевна Сейдалиева, «Қазқайтажаңарту» РМК мекемесінің сәулет және реставрация тобының жетекшісі – Ләззат Серікбаевна Бейсенбаева, ICOMOS қоғамдық бірлестігінің жетекшісі – Наталья Викторовна Турекулова, «Қазқайтажаңарту» РМК мекемесінің «Ғылыми-зерттеу» бөлімінің бас маманы – Әсемгүл Берікқызы Сайлауова баяндамалар оқыды. Сонымен қатар, zoom арқылы Алматы қаласындағы ЮНЕСКО ұйымы Кластерліқ Бюросының өкілі – Айгуль Холафова өз баяндамасын оқыды.
Сондай-ақ, жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы – Ерлан Нұрманұлы Жүнісбай, Жамбыл облысы әкімдігінің Туризм басқармасының басшысы – Біржан Мықтыбекұлы Күзембеков, Т. Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары – Әлібек Мамытжанұлы, Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, Орта ғасыр археологиясы бөлімі және археологиялық технология зертханасының меңгерушісі, PhD докторы – Ералы Шардарбекұлы Ақымбек сынды қонақтар қатысты.
Аталмыш жиында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ескерткіштердің қорғау аймақтарын Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы заңның 28-бабы 1-тармағына сәйкес халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағын дұрыс белгілеу; Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағы бойынша мәселелер туындаған жағдайда, мысалы, ішінара алынып тастауға болатын (қорғау аймағына кіріп тұрған қазіргі қолданыстағы қорымдар, ауыл-шаруашылық, өндірістік) жерлерді министрлік тарапынан келісім алу жолдарын талқылау; ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ескерткіштерге инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу жолдары секілді өзекті мәселелер талқыланды.