Айша бибі атындағы орта мектебіндегі жылжымалы көрме
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Айша бибі атындағы орта мектебінің «Қазақ тілі мен тарих бірлестігі» айлығы аясында «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме жасақталып, «Тарих төріндегі Тараз» тақырыбында танымдық дәріс оқылды. Дәріс барысында оқушыларға музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты аңыз, әңгімелермен және еліміздің біртуар археологтарымен таныстырды.
Оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Атап айтсақ, әр кезеңге жататын мәдени қабаттан табылған қыш бұйымдары мен металдан жасалған бұйымдардың мерзімін, жасалу техникасы мен пайдалану мақсатын түсіндірді.
Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Жылжымалы көрменің жасақталуы мен дәріс оқудың басты мақсаты – ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы, ұлтымыздың рухани байлығы – құнды жәдігерлерді өскелең ұрпаққа насихаттап, дәріптеу болып табылады. Тағы да айта кетерлік жайт, жылжымалы көрмені тамашалауға 4-11 сынып аралағындағы көптеген оқушылар қатысып, өздерінің үлкен қызығушылықтарын білдіріп, көрмеден алған әсерлерін таңданыспен жеткізді. Аталмыш жиын соңында мектеп директоры «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымына өз алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.