Антон Макаренко атындағы орта мектебіндегі жылжымалы көрме
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Жамбыл облысы Жамбыл ауданы білім бөлімінің Антон Макаренко атындағы орта мектебінде «Музей ел шежіресі» тақырыбында жылжымалы көрме жасақталып, танымдық дәріс оқылды. Дәріс барысында оқушыларға музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің тарихымен, кесенелерге қатысты аңыз, әңгімелермен таныстырды.
Сондай-ақ, оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Атап айтсақ, әр кезеңге жататын мәдени қабаттан табылған қыш бұйымдары мен металдан жасалған бұйымдардың мерзімін, жасалу техникасы мен пайдалану мақсатын түсіндірді.
Жылжымалы көрменің жасақталуы мен дәріс оқудың басты мақсаты – ғасырдан-ғасырға жеткен құнды жәдігерлерді жас ұрпаққа насихаттап, дәріптеу болып табылады. Мектеп ұстаздары мен оқушылары алғыстарын білдіріп, жылжымалы көрмеден алған әсерлерін таңданыспен жеткізді.