Тәуелсіздік күніне арналған экскурсия
Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы «16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты нысандарында Қ. Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйіне экскурсия жүргізілді. Экскурсия барысында музей-қорығының қызметкерлері шаһардың шырайын кіргізіп, ажарын ашып тұрған ортағасырдың інжу-маржанына айналған Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелерінің құрылу тарихы туралы аңыздарды баяндап, Қарахан және Дәуітбек (Шомансұр) кесенелерімен таныстырды.
Танымдық экскурсияның мақсаты – оқушыларды Жамбыл облысының көрікті жерлерімен, туристік әлеуетімен және туристік мүмкіндіктерімен таныстыру, балалардың болашақта тарихты зерделеуге және дені сау ұрпақты қалыптастыруға ықпал ету, жастардың азаматтық-патриоттық және саналы әлеуметтік жауапкершілік сезімін тәрбиелеу болып табылады. Ежелгі Тараз қалашығының тарихы туралы қызықты және мазмұнды мәліметтерді балалар қызығушылықпен тыңдады.