Т. Н. Сенигованың 100 жылдық мерейлі мерекесі
Ағымдағы жылдың 25 қарашасында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Средневековый Тараз» («Ортағасырлық Тараз») монографиясының авторы, тарих ғылымдарының кандидаты Т. Н. Сенигованың 100 жылдық мерейлі мерекесіне орайластырылған «Жазба деректеріндегі Тараз» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Аталмыш конференцияның басты мақсаты Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Тараз қаласының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі, орны мен рөлі, Тараздың ежелгі және ортағасыр археологиясының зерттелу тарихы және отандық музей саласындағы өзекті мәселелерді сараптау, талдау. Сонымен қатар, жиын барысында Жамбыл өңірінің республикалық маңызы бар мұралар тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеген археологтардың бір ғасыр бедеріндегі жетістіктері мен майталман тұлғалар жайында эссе-естеліктер қозғалды.
Іс-шара алдында музейдің ұйымдастыруымен ежелгі Тараз қалашығынан табылған құнды жәдігерлерден тұратын «Тараздың жауһар жәдігерлері» атты жылжымалы көрме жасақталды. Онда VIII–ІХ ғғ. жататын соғдылық үлгіде жасалған қыш құмыралар, ортағасырлық асханалық қыш ыдыстар: құмыралар, табақтар, көзелер, қақпақтар, суқұйғыштар; шырағдандар, күміс, нефрит, қола белдік жапсырмалары қойылды.
Іс-шараны ашу салтанаты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Берік Мырзалиұлы Жүсіпов мырзаға берілді. Сөз алған Берік Жүсіпов Сенигованың осыдан 50 жыл бұрын, 1972 жылы жарық көрген монографиясын қазақшаға аударып, Тараз жұртын өзінің төл мәдениетімен, археологиялық мұраларымен таныстыру керектігі жайында ұсыныс білдірді. Сондай-ақ конференция барысында «Тараз қалашығының археологиялық зерттелуі», «Тараз қалашығын зерттеген көрнекті археологтар жайындағы естеліктер», «Жамбыл облысының археологиялық экспедицияларының далалық материалдары» және «Т. Н. Сенигованың «Ортағасырлық Тараз» монографиясы – Оңтүстік Қазақстанның ортағасыр қалаларын зерттеудің негізі ретінде» секілді өзекті тақырыптар талқыланды.
Аталмыш іс-шарада Мадияр Елеуұлы Елеуов, Жұман Егінбайұлы Смайлов, Дөкей Әбдікерімұлы Талеев, Серік Шаймерденұлы Ақылбек, Ералы Шардарбекұлы Ақымбек, Борис Анатольевич Железняков, Мәмбет Сапарбекұлы Шагирбаев, Сауран Қалиұлы Қалиев баяндама оқыды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Археология, этнография және музеология» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуұлы Елеуов «Менің алғашқы ұстазым – Сенигова Таисия Николаевна» атты баяндама оқыды. Профессор ғалымның 98 жасқа дейін өмір сүргенін білмегендігін және ғылыми ортадан бөлініп қалғандығын үлкен өкінішпен еске алды.
Сонымен қатар конференция онлайн-оффлайн форматта өтті. Конференцияға Таисия Николаевна Сенигованың қызы Инна Геннадьевна Бочкарева Мәскеуден онлайн видео форматта қатысып, өз алғысын білдірді.