Баба тарихтың куәсі – ежелгі Тараз
Ағымдағы жылдың 3 қарашасында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Баба тарихтың куәсі – ежелгі Тараз» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Сапар» орталығында өтті.
Іс-шараны ашып беру үшін алғашқы сөз Отырар ауданының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Құттыбай Сағынтай Тәтібайұлына, Археолог-ғалым Алдабергенов Нұртаза Орынханұлына және «Отырар» музей –қорығының директоры Махашов Жангелді Меңлібайұлына беріліп, олар өткен тарихтан сыр шертетін көрмені ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі. Содан соң сөз кезегі «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас қор сақтаушысы Оспанова Әлия Мұратқызына беріліп, ол көрменің мақсаты мен маңыздылығына тоқталды.
Жылжымалы көрменің басты мақсаты: Тарих пен мәдениетті байланыстыра отырып, еліміздің мәдени мұрасын насихаттау, қолдану, сақтау және зерделеу. Көне тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлер тарихын халыққа ұсыну болып табылады.
Шара барысында Отырар аудандық Мәдениет сарайының өнерпаздары мен Отырар саз және өнер мектебінің ұстаздарының орындауында әндер айтылды. Жылжымалы көрменің лентасы қиылып, тарихы мыңжылдықтардың мұрасымен үндескен ежелгі Тараз қаласының тарихи шежірелі көрмесін қорық-музейінің қызметкерлері таныстырды. Жергілікті Түркістан телеарнасы қорық-музейінің қызметкерлерінен сұхбат алып, жылжымалы көрменің мақсатын, сондай-ақ ұлттық тарих пен мәдениеттің асыл діңгегі – құнды жәдігерлерді сақтаудың маңыздылығын сұрап өтті.
Іс-шараға ежелгі Тараз қалашығынан табылған құнды да, бірегей жәдігерлерден тұратын жылжымалы көрме жасақталды. Онда VIII–ІХ ғғ. жататын соғдылық үлгіде жасалған қыш құмыралар, ортағасырлық асханалық қыш ыдыстар: құмыралар, табақтар, көзелер, қақпақтар, суқұйғыштар; мұстахара (торсық), сынапкөзелер (сфероконустар), шырағдандар, моншақтар, күміс, нефрит, қола белдік жапсырмалары, әр кезеңге жататын монеталар қойылды. Көрме Отырар ауданының тұрғындары мен қонақтарына бір ай көлемінде насихатталатын болады.