Әулие ата мешітінде мониторинг жұмыстары өтті
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны «Ғылыми зерттеу және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің қызметкерлері музей-қорығына қарасты тарихи нысандарға мониторинг жұмыстарын бастап кетті.
Әулие ата мешіті Тараз қаласының ескі бөлігінде, тарихи аумаққа жақын, Б.Адамбаев көшесі №24 пен Қылышбай ақын көшесінің қиылысында орналасқан.
Қаламыздың орталық мешiті – жергiлiктi жанашыр азамат, көпес Қали Жүнiс Майюсуповтың демеушілігімен шебер Сейдулла Қожаның басшылығымен 1906 - 1913 жылы бой көтерген. Ұзақ жылдар бойы мешіт ғимараты әртүрлі жөндеу, қайта жаңғырту, қосымша құрылыстар салу жұмыстары жүргізіліп келеді. Алғашқы жөндеу жұмыстары 1973 жылы жүргізілсе, 1998 жылы барлық құрылыс орны жаңа материалдар мен өрнектерді пайдалана отырып қайта жаңғыртылды. Ескі бөлмелері қайта жөнделіп, жаңа бөлмелер салынды, күн сайынғы тұрмыстық және діни дәстүрлерді орындау үшін қолайлы жағдай тудырылды. Мешітке кіре-беріс аумаққа қос минаретті қақпа орнатылған.
Мониторинг жұмысы барысында Әулиеата мешітінің наиб имамы Тұрлыбеков Асылхан Орынбасарұлы ескерткіштің қазіргі жай-күйімен, келушілер саны туралы ақпараттармен бөлісті. 2021 жүргізілген құрылыс жұмыстары барысында барлық құрылыс орны жаңғыртылып, ою-өрнектер қазақи нақышта әсемделгенмен, түпнұсқа толықтай сақталғандығын айтып өтті.