«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Музей туралы / Музей қоры / “Музейге сый тарту” акциясы / Музейге құмыра сыйлады

Музейге құмыра сыйлады

Ағымдағы жылдың 19 ақпан күні жылжымалы көрмемен «Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепке» ҚР мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей қызметкерлері барған. Мектеп ұстаздарына, оқушыларына экскурсия жүргізіп болғаннан кейін, аталмыш мектептің тарих пәні мұғалімі Құралова Жұлдыз Қалиқызы қорық-музей қызметкерлеріне келіп: «Мен сіздердің Тараз жерінен табылған әрбір тарихи жәдігерлеріңізді таңданыспен тамашалап көрдім. Тараз жері тұнған тарих екен ғой. Мен осындай заттарға қатты мән бермеген едім, соданда болар қолымда бар ежелгі қыш құмыраның қадір-қасиетін түсінбеген екенмін. Ол құмыраның орны музей екенін енді түсінгендеймін, соны сіздерге табыстасам қалай қарайсыздар » - деді. Әрине, бұл ұсынысты қуанышпен қабыл алдық.

Жұлдыз Қалиқызының айтуы бойынша, құмыраны 2004 жылы марқұм ағасы Елубай Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Билікөл ауылындағы Билікөл көлінде балық аулап жүріп тапқан екен. Сол уақытта сынған құмыраны құрастырып, қайта қалпына келтіріп, қарындасына «тарихшы бол» деген жылы лебізбен сыйлаған екен.

Ата-бабаларымыздың тарихынан сыр шертетін асыл мұрадан болашақ жастар ұлттық мәдениетіміздің даму тарихын танысын деген ниетімен музейімізге «Музейге сый тарту» акциясы бойынша сыйға берді. Музейіміздің дамуына өз үлесін қосып, өз елін, тарихын сыйлаған азаматтарымызға алғысымызды білдірдік.

Құмыра қызыл сазбалшықтан жасалған, тұтқалы, ақ ангобпен жабылған, археологиялық қазба жұмыстары барысында ежелгі Тараз қалашығынан табылған ортағасырлық құмыраға ұқсайды.

Осындай қатпарлы тарихты жаңғыртып, жас ұрпаққа құнды мұралар мен жәдігерлер арқылы патриоттық тәрбие берудеұлтымыздың жауһар жәдігерлері мен мәдени мұраларыныңмаңызы орасан. Өйткені, тұтас бір ұлт руханиятының келбетін, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеп, дәріптейтін құтты мекен екені даусыз.

Бір сәт өткенге көз жүгіртіп, ұлтымыздың тарихта алатын орны қандай деген сауалға жауап іздейтін болсақ, ауыз толтырып айтарлық қаншама құнды қазынамыздың бар екенін аңдаймыз. Соның бірі де бірегейі осы қыштан жасалған ыдыстар екені даусыз. Қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыстар адамзат қоғамының әр дәуірінен мол ақпарат береді. Сол арқылы қоғамның әлеуметтік-экономикалық, отбасылық, этномәдени қарым-қатынасы жөніндегі мәліметтерге қол жеткізе аламыз. Жәдігерлердің осыншама уақыт бүлінбей сақталғанының өзі  – таңғаларлық құбылыс.

Елбасы мұнда: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Елдің дұрыс таңдап алынған бағыты арқасында біз көптеген биіктерге – бүкпесіз ашық саясат жүргізуге, Қазақстанға ғана тән экономикалық даму жолына, игілікті әлеуметтік реформаларға – біздің мемлекетімізді айнытпай тануға игі ықпалын тигізіп отырған табыстарға қол жеткіздік. Бірақ басқа бір қабат – нәзік және сонымен бірге қыртысы қалың – рухани қабат бар, Қазақстан тамыры терең жайылған ұлы тарихы бар ел екенін көрсете және дәлелдей отырып, дүниежүзілік аренада біз елімізді осы қабат арқылы паш етеміз», деп айтты.

Бағзы дәуірден жеткен қыш құмыраларға қарап, қазақ даласында небір мықты қолөнер шеберлерінің өмір сүргенін байқамау мүмкін емес. Сондықтан абыз тарихтың бізге қалдырған мұраларын хал-қадерінше бағалау – болашаққа парыз.