«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар / 18-мамыр «Халықаралық музей күні!»

18-мамыр «Халықаралық музей күні!»

Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен істерді ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттердің бірі болып табылады. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор. Музей - ғылыми, мәдени-тарихи орталық,көркем мұраны сақтайтын орын. Музей- өз елінің және әлемдік өркениеттің мәдени және рухани мұрасын сүюге және түсінуге үйретеді. Айтулы мерекені  Халықаралық музейлер кеңесі 1977 жылы бекіткен. Ал түнгі мезгілде атап өтуді  алғашқы  болып 1997 жылы Германия музейлері келушілерге өз есіктерін ашты. 2006 жылы «Музей түні» халықаралық акциясына Қазақстан елі де қосылды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігінің Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Дәстүрлі мерекеге орай «Ортағасыр әлеміне саяхат!» атты іс-шара ұйымдастырды.

Ауқымды түрде өткізілген іс-шараға Жамбыл облысының әкімі және әкім орынбасары, Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы,Жамбыл Облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы және т.б құрметті қонақтар және  мектеп оқушылары,ЖОО студенттері де шақырылды.

Мерекелік іс-шара бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде 2000 жылдық тарихы бар Тараз қалашығынан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған құнды да, бірегей жәдігерлердің тарихымен кеңінен таныстыру мақсатында арнайы көрме жасақталады.Сонымен қатар қазба жұмыстары барысында табылған қыш ыдыстарды тазалау, желімдеу және т.б.жәдігерлерді  қалпына келтіру жұмыстары бойынша арнайы реставратор маманының жұмысы   және  «Dala Crafts» қолөнер шеберлерінің ұымдастыруымен өткен мастер-класс халықтың ерекше назарына түсті.

Ал 66 мемлекеттің ұлттық бас киімінен жасақталған көрме мен ортағасырдың Ұлы Жібек жолы арқылы бізге келіп жеткен Қытай мәдениетінің шәй құю рәсімі мерекелік іс-шараның сәнін келтірді.

Келесі бөлімі Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының «Қарахан мен Айша бибі» театрлық қойылымы,  ортағасырдағы шет елдік саяхатшыларының киелі шаһарымызбен танысу көрінісі  сомдалды.

Қылыштасу өнері, ұлттық ойындарымыз-асық ату, қазақша күрес сынды спорттық ойын түрлері көрермен балаларымыздың қызығушылығын туғызды.

Қорытынды бөлім марапаттау рәсімімен ұласып, қобыз,жетіген,домбырадан күй төгіліп, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілерінің әсем әуендерімен жалғасын тапты.

Мерекеге  орай барлық музейлердің кәсіби және шығармашылық белсенді ұжымына ерекше алғыс айта отырып, алдағы уақытта да кешегі кемел болмыспен бүгінгі бірлігі жарасқан бірегей дәуіріміздің ара-жігін жалғап  жатқан жауһар мұраларымызды насихаттаудан жалықпай,еңбектеріңіз  жандана берсін! Музей  ісін ілгерілету бағытындағы жұмыстарыңызға сәттілік пен табыс тілейміз!