«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Аңыздар / Бөріқазған-Тәңірқазған

Бөріқазған-Тәңірқазған

Тәңір мен бөрінің қазған мекені

Адам баласының алғашқы тұрақтары саналатын Бөріқазған, Тәңірқазған жерлерінің қазақ халқы үшін алатын орны ерекше. Себебі, бұл – қазақстандағы ең алғашқы адамзат баласының өмір сүрген дәуірлер кезеңіне жатады. Әлемдік жаратылыс заңы бойынша адамдардың алғашқы пайда болуы Африка жерінде болса, енді, солардың қатарына Қазақ жері де қосылғаны біз үшін үлкен абырой. Әрбір қазақ жерінің тау-тасы мен сай-саласына дейін аңыз бен жырға толы екенін байқауға болады. Бабаларымыздың бұлайша аңыздарды шығаруының өзіндік себебі де бар. Ол – артындағы ұрпағына мұра болып қалатын қасиетті қара топырағының киелі мекендер екенін санасына құю болса керек.

Аңыз бойынша ерте заманда Қаратау бөктерінен көбігі көпіріп тасып ағатын асау Талас өзенінің арнасы тартылып, бір тамшы суға зар болған қатал қуаңшылық болыпты. Шөл қысып, су іздеген жұрт барлық амалын қарастырса да мына қуаңшылықтан қалай құтылып шығарын білмей дал болады. Адамзат баласының әлі көбеймеген, қол еңбегі де жетілмеген, өресі өр таңға жетпеген кезі. Сонымен барлық тайпа бірігіп, шөлі жоқ, суы мол мекен іздеп жортуылға шығады. Шаршап-шалдығып ұзақ жүрістен қажыған ел кешке таман бір жерге келіп қонады. Азанда тағы жолға шықпақшы болғанда алдарында ерекше жаратылған бір бөрінің тұрғанын көреді. Бәрі жапа-тармағай әлгі бөрінің артынан ере бастайды. Ондағы ойлары ол да өздері сияқты мақұлұқтың бірі, оған су керек, білсе сол білер деген өлмес үміт еді. Сол бөрі шөліркеген елді бастап жүріп отырып, Қаратаудың түстік беткейіндегі аласа қыратты қызыл тасты жарқабаққа алып келеді. Келе сала төбе үстіндегі даланың кәрі төсін қаза жөнеледі. Бәрі сонда бөрінің қазып жатқан жеріне жабысып, жабыла кіріседі. Бір кезде қасиетті қара жерден су атқылап, айналасының барлығына нәр кіре бастайды. Шөл өзегі өртеп қысқан бүкіл халық бөрінің арқасында осылайша аман қалған екен. Бұл жер содан бері Бөріқазған деп аталып кеткен дейді.

Арада бірнеше жылдар өтіп, ел қуаңшылықтан құтылып, жағдайы жақсара бастаған бір замандарда тағы да әлгі Бөріқазған жерінің суы тартылып сала береді. Күңіренген ел, қайғы басқан жұрт, бас-басына тоз-тоз болып, су іздеп қаңғыра бастайды. Бұл дәуірде халықтың жан басы әжептеуір көбейіп қалған кезі болса керек. Халықтың қайғы-қасіреті қайта үдей түседі. Арада шамалы уақыт өткенде су іздеген халық жапан даладағы бір жерден өзінен-өзі ағып жатқан нулы жерді көреді. Жапа-тармағай бас салған қалың жұрт шөлін басып, өз-өзіне келіп, су жағасына қоныстана бастайды. Тәңірдің өздерін сусыз қалдырмай ажал аузынан алып қалғаны үшін халық, бұл жерді «Тәңірдің бізге қазып бергені, Тәңір берген су, Тәңір қазғаны» дей жүріп, Тәңірқазған атандырып жіберген екен дейді.