«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Аңыздар / Қарахан

Қарахан

Аң патшасы арыстанды бағындырған -Қарахан

Қазақ даласының ұшы-қиыры жоқ қай аймағына сапар шексеңіз де жол жиегінен көне замандардан сыр шертетін көптеген әулиелі жерлер мен кесенелерді көреріңіз хақ. Білмегенді білмекке ұмтылып, сол маңайдағы ел ішіне барып, ақсақалдарынан жай сұрасаңыз көп дүниеге қанығасыз. Бүгінде «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында еліміздің рухани дүниесінің алтын діңгегі болып, бүкіл ұлттың болмысы мен болашағына айналған киелі мекендерді жинақтау арқылы білмейтінімізді біліп, танымайтынымызды танып, танымымызды кеңейтіп жатырмыз. Әрине, әлі де тарлан тарихтың табалдырығынан аттай алмай биязы құндылығымен сыры тылсымға толып, өр даланың өресіне өрмелеп шыға алмай жатқан мұраларымыз да жеткілікті. Ұлтымыз үшін аңыз-жырларға негізделген өткен тарихымыздан қалған қасиетті мекендердің барлығы да тарих шежіресі болып қалатыны анық. Алдағы уақытта да дархан даламыздағы осындай елеусіз жатқан шоқтығы биік талай киелі жерлер мен жұмбақ мекендер «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы тізіміне енетініне сенімдіміз.

Сонымен, еліміздің байтақ ұлы даласының бір парасы саналатын қасиетті мекеннің бірі – Тараз-Әулиеата өңірі. Сонау мыңдаған жылдардан бері қаншама ұлт пен ұлыстардың құтты байтағына айналып, көптеген тайпа мен рулардың мәдени-рухани бағына ортақ болған әрі олардың шөлдегенде шөлін қандырар шәрбәт нәріне бағаланған Талас-Шу арасы – ертедегі Қосөзен мәдениетінен еш кем емес. Адамзаттың өсіп-өркендеуінің негізіне айналған осы аралықта Түркі, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан, Қарақытай мемлекеттері өмір сүргенін ескерсек, біз айтқалы отырған аңыздар да осы мемлекеттерді құраған ру-тайпалардың әдеби бай жанрының бізге жетіп отырған мұрасы екенін сезінеміз.

Тараз қаласында Х­ІІ ғасырларда ұлы Қарахан мемлекетінде билік құрған Шах-Махмұд Бұғра Қарахан есімді тарихи тұлғаның кесенесі бар. Ел арасындағы аңызға негізделген есімі – қасиетті Әулиеата. Оның Әулие Ата атануы, ғашықтық іңкәр сезімі туралы аңыз-әпсаналар мен хикаялар атадан балаға мұра болып, біздің заманға дейін жеткен.

Ұлы Қарахан империясының патшасы, Тараз қаласын өзінің астанасына айналдырып, өз атынан теңге соқтырған Шах-Махмұд туралы ғылыми айналымда бірнеше деректер бар. Аталған тарихи тұлға туралы ең алғаш ортағасырлық арап-парсы тарихшысы Ибн әл-Асир өзінің «Камит ал фит тарих» атты еңбегінде жазады. Сонымен қатар, ортағасырлық Қожа Ахмет Ясауидің інісі Сайф ад-дин Орын Қойлақидың «Насабнама» атты шежірелер жинағында да мағлұматтар жеткілікті жазылған. ХІХ ғасырдың аяқ жағына қарай, орыс импреиясының Орта Азияны жаулап алуы кезінде оңтүстік өңірге келген В. В. Бартольд, В. П. Панков, В. А. Каллаур сияқты орыс тарихшыларының зерттеулерінде де айтылады. Жалпы, өмірде болған тарихи тұлға.

Міне, осы өңірде туып, ел арасына өзінің рухани бай мұрасымен аңыз болып таралған Қарахан баба туралы тарихи аңыз-жырларды назарларыңызға ұсынбақпыз.

Қарахан баба

 

Ел арасындағы аңызға сенсек, Әулие Қарахан өз заманында аса данышпан, білімді, көзі ашық, құдіретті патша болған. Сол кездегі атақ-абыройы дүниені дүр сілкіндіріп тұрған дейді. Бірақ, шексіз байлығына қарамастан, қарапайым өмірді місе тұтқаны айтылады. Айналасындағылардың барлығы биліктің шексіз тізгінін қолына ұстаған асқар таудай мәртебеге ие жанның әміріне қарсы тұра алмапты. Тақ иесінің қас-қабағына қарап, өмірдің әрбір қуанышты сәттерін бөлісуден қорқатын уәзірлері оның шынайы сезімге толы күлімдеген келбетін күтіп жүріпті. Жанының жалынышты жай-күйінен арыла алмай әрқашан құдайына сыйынып, көкейінде жүрген сұрақтарына дейін қоя алмаған қасындағы достары да қаһарлы қағанға бата алмаса керек. Түркі заңына сәйкес ақыл-кеңесін беріп отыратын екі уәзірі бір күні патша жүзінің жайдары отырғанын көріп, не де болса сұрақ қоюдың сәті осы мезгіл деп түсінеді. Екеуі қосылып, ақырын ғана бір жөткірініп алады. Ондағы ойлары қабағы қарлы шыңдай қатал Қараханның көңілін өздеріне қарай бұру еді. Осыны сезгендей хан да:

– Уа, жақсыларым! Күн көзіне қараған жанның көзінен көз жасы аққанша қарайтын әдетім бар еді. Қарығып қалмай тұрған жанарымның жарық әлемі мына сендерге көңілі түскен сияқты. Қырылдап шыққан тамақтың тарғыл үнінен бірнәрсені ұғынып отырмын, құлағым сендерде, – деп екі уәзіріне үн қатыпты. Бір-біріне жалтақ қараған қос уәзірдің «Ойбай-ау, қояр сұрағымыз дұрыс болар ма екен? Басымыз шабылып кетпесе игі еді» деген ойлары көкейлерін мазалап, көздерін жұма төмен қарайды. Алайда, ойға алған сұрақтың енді қойылмағаны өздері үшін алапат дүлейге айналатынын сезген уәзірлері, оқталып айтуға бел шешеді.

– Уа, әлемнің билеушісі хан ием! Сіздей жаны таза көңілі жайсаң патшасы бар халық – әлемдегі ең бақытты ел ғой. Жаратқанның жарлығымен бүкіл адамзат баласын ғана емес, барша табиғат мақұлұқтарын да қолыңызға қаратып бағындырдыңыз. Айбатыңыз айдын көлдей асыл болса, қаһарыңыз қара қылды қақ жарған қасиетті Қара қағанның өзіне айналдыңыз. Жер бетінде өзіңізден асқан патша жоқ болса, аң патшасы саналатын арыстанның өзін де бағындырып, ашсаңыз алақаныңызда, жұмсаңыз жұдырығыңызда ұстадыңыз. Көптен бері Сізге қояр бір сұрағымыз бар еді, рұқсат болса, – деп, ханның алабұртқан жүзіне қарайды. Қарахан патша осыншама мақтауларға масайраған күйі күлімсіреген жүзімен екі уәзіріне қарап:

– Қара жер қақ айырылып, көк аспан көр тұманға айналса да менің патшалығым әлемдегі ең әділетті патшалық болмақ. Ал, қойыңдар қане, – деп масаттана жауап беріпті. Сонда екі уәзірі:

– Хан ием, алдыңызда бүкіл әлем тізе бүгіп, тіпті, аң патшасы арыстан айбатынан айрылып, қыңсылаған қыңыр иттей иіліп басын бүккенде, Сізге қалайша әйеліңіз қарсы шығып, қарсылық көрсете алады? Айбатынан ай үріккен, қайратынан халық қаймыққан Сіздей патшаның бір әйелге шамасы жетпегені қалай? – деп сөз соңын күте үнсіз қарайды. Сонда хан бір нүктеге қадала отырып, ұзақ ойланып, былай деп жауап берген екен.

– Уа, уәзірлерім, сендер маған өте маңызды сұрақ қойдыңдар. Бұл сұраққа жауап беру үшін ұзақ ойланғаным рас. Егер мен әлемді билеген патша екенімді мақтан тұтып, өз билігімнің шексіздігіне масаттанып өзгелерді көрмейтін болсам, оларды өзімнен төмен санап, ар алдында ойрандасам, онда мен шексіздіктің шегінде шектеліп қалмаған болар едім. Иә, бір әйеліме шамам жетпегені рас. Мен билігім мен байлығымның құдіреттілігін ойлағанда тәкаппарланып кететінім шындық. Міне, осындай уақытта әйелімнің қырсық мінезі мені тәубәме түсіріп отырады. Оның осы мінезін көре отырып, мен өзімнің жер бетіндегі құдай жаратқан көп бейшара пенделердің бірі екенімді сезінемін. Сөйтем де, әрқашан құдайдан кешірім сұрап, тәубеге келемін. Әйелімнің осындай болғанына Аллаға сан мың мәрте шүкіршілік етемін, – деп жауап беріпті.

Осы күннен бастап, Қарахан патша тақтан өз еркімен бас тартып, тәубе жолындағы құлшылығына түсіп, ел-жұртқа өзінің ақыл-кеңесі мен білімін насихаттаумен айналысып өмір сүріпті дейді кәрі аңыз. Осылайша жаһаннамның жаршысы болған патшаның ел ішіндегі есімі Әулиеата атанып, қазіргі күні, оның қабірінің басына соғылған кесене – халықтың тәу етіп, сыйынатын қасиетті мекеніне айналды.

 

Қарахан кесенесі

 

Қазақ халқы үшін әрқашанда әруақ қонған киелі жерлердің орны тым ерекше екенін атап айтуға болады. Құдайға құлшылық жасап, Тәңірдің берген кереметтерімен елді сүйсіндірген тұлғаларды өмірден өткеннен кейін де әруағы бізді қорғайды деген наным-сенімінің жоғарылығынан, олар үшін неше түрлі аңыздар ойлап тауып отырған. Сондай кезекті әулиелі орынның бірі – Қарахан баба кесенесі. Бұл тұлға жайлы халық ішінде «өз дәуірінде ислам дінін табанды түрде насихаттап, бір Тәңірдің рухани ілімінен азық алған. Жасы 63-ке толғанда пайғамбар жасынан аспаймын деп, барлық тақ пен атақтан бас тартып, жер астындағы қылеуетке түскен. Өмірінің соңына дейін дінді насихаттаумен, елге құдай ілімінің дәнін себумен айналысқан» дейтін аңыздың баршылығы еді. Сол себепті, қалың жұрт оны қасиет қонған киелі адам деп «Әулиеата» атандырыпты. Өзі өмірден өткен соң қабір басына қазіргі кесенені тұрғызған. Сонымен бірге, Қараханның жалғыз діндарлығы туралы ғана емес, оның он сегізде бір гүлі ашылмаған өрімдей Айша атты жас қызға ғашық болғаны туралы, екеуінің арасындағы іңкәрлік махаббат сезімі жайында да айтылады.

Филология ғылымдарының докторы Жаңғара Дәдебаев өзінің «Талас өңірінің аңыздары» атты еңбегінде Қараханға қатысты бірнеше аңыз, әңгімелерді келтіреді.

«Баяғы бір заманда, ел іші алты ала талапай болған шапқыншылық кезеңде Тараз өңірінде халық әулие санаған Қарахан атты бір бала өмір сүріпті. Бала жас кезінен ерекше дарынға ие болып, оған Тәңірдің жас талғамайтын тарлан қасиетінің бірі бойына жұққан екен. Әрдайым құдайын аузынан тастамай, құлшылығын үзбей, жас болса да елге көмектесіп жүріпті. Бір күні ойын баласы ойнап жүріп, бір дарақтың түбінде ұйықтап кетеді де түс көреді. Түсінде өңкей ірі ғұламалар мен әулиелердің ортасында әңгіме-дүкен құрып, өзін де соларға ұқсатып, үлкен ғұламадай жүргенін байқайды. Жан-дүниесінің жарық нұрын іздеген жанға нағыз керек орта екен деп оларға ілесе бергенде оянып кетіпті.

Тағы бірде түс көріпті. Түсінде жүрген жерін қараса жап-жасыл жайқалған бір жұмақ дерсің. Айналасы жарқыраған әппақ нұрға толы мекен екен. Сәулесі бір тамшы нұрдан шашырай шашылған шапағаты мол сол жерге өзі де қалай кіріп кеткенін байқамай қалады. Сол кезде алдынан ақ сақалды, ақ киім киген, үстінің барлығы алтындай шапаққа толы үлкен қария шығып, Қараханға тіл қатады.

– Сен ислам дінінің туын биікке көтеріп, халық ішінде насихаттау үшін туылғансың. Егер адамзаттың асыл діні ислам ілімін кең түрде игере отырып, өзгелерге де қабылдата алсаң, онда сен Алланың сүйікті құлы боласың. Жаратқаның бұйрығы осылай дейді, – деп балаға қарайды.

– Әміріңізге құлдық, ата. Асыл дініміздің кең етек жаюуына бар күшімді саламын, – деп жауап береді.

– Ал, онда қолыңды жай, батамды берейін, – деп ақ сақалды Абыз батасын береді.

Оянған кезде ол өзінің ақылы толықсыған, бойында күш-қуаты артқан палуандай, көкірегі ояу байсалды, салиқалы жан болып оянғанын көреді. Осылайша Қарахан бала түсінде ақ әулиеден ақ батасын алып, ислам дінінің халық арасында кең насихатталуына кірісіпті. Бұл – Қарахан әулиенің алғашқы әулиеге айнала бастаған кезіндегі көрген түстері екен дейді.

Уақыт өте береді. Бала ер жетіп, үлкен ғұламаға айналады. Тәңірдің өзіне берген үлкен нығметі – ілім-білім мен ойлаған нәрселерінің бәрі дөп келетін қасиеті екенін де сезеді. Көңілінің құлазыған құла шыңынан құлап барып, қайта тұрып, құлан шапқан құба түзден құр алақан қайтпай, олжалы болған жайында, яғни, қасиеті бойына дарып, қартайған шағында алдына баласын шақырып алып, былай дейді:

– Балам, менің қолымдағы мынау тұлпардың жалын қылын көрдің ба? Мен өмірден өткеннен кейін еліңе дұшпандар шабуыл жасаса, осы қылды тұтататын бол. Сол кезде мен саған көмекке келемін, – дейді, баласына, өзінің әулиелік қасиетіне салып. Сөйтіп, өзі де мына дүниемен қош айтысады.

Арада көптеген жылдар өтеді. Әке тағына ұлы отырады. Баяғы әкесі айтқан өсиеті есінен кетпей жүреді. Таң атып, күн батқан уақыттарға ілесе алмай жылдар да жылжып өте береді. Патшалық тақтың иесі болған ұлы да қартаятын шаққа да жетеді. Қартайғанша ешқандай дұшпандары шапқыншылық жасамай, елі тыныш өмір сүріп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болады. Бір күні баласы «әкемінің өсиеті орындалмай кететін болды ғой» деген қызығушылық оймен баяғы тұлпардың қылын тұтатып көруді ұйғарады. Бір шетінен әке өсиетінің орындалуына деген сенімсіздік те басым еді. Сонымен, не де болса тәуекел деп, тұлпар қылын тұтатуы мұң екен, бес қаруы сай әкесінің қасына жетіп келгенін байқамай да қалады.

– Қайда дұшпандарың? – деп алты айлық құлаш жерден бір күнде келетін алтын тұлпармен айқайлап ойнақшып тұрған әкесін көреді. Әулие әкесінің сөзіне сенбей сенімсіздік білдірген баласы шошып кетіп:

– Әке, кешірші мені. Ешқандай жау шапқан жоқ. Мен, жай, сенің айтқаның орындала ма деп тексерейін деген едім, – дей бергенде баласына қатты ренжіген әкесі:

– Әттеген-ай, бекер істегенсің. Енді сенің еліңді келімсектер билеп, олардың дамуы бізден жоғары болып кететін болды, – деп, көзден ғайып болып кеткен екен.

Иә, «аңыз түбі – ақиқат» деп халқымыз бекер айтпаса керекті. Көнекөз қариялар мен көпті көрген ел ағаларының ақылын тыңдап, тәрбиесіне бойұсынғанның еш артықтығы жоқтығы осылай аңыз ретінде ел ішіне таралыпты.