«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Аңыздар / «Қарахан - Әулие»

«Қарахан - Әулие»

Қарахан (Әулие-Ата) мазары туралы халық аңыздары

Әулие-Ата күнбезі, «әулиелі орынға» халықтың туристтер мен табынушылардың қызығушылығы көптеген ғасырлар бойы толастар емес. Ал халық жадында сақталған аңыз-әпсаналар ерте заманғы оқиғалардан хабардар етеді. Бұл аңыздарда Қарахан мавзолейі  мен онда жерленген адамды Айша-бибі мавзолейімен байланыстырады. Олардың арасындағы трагедиялық махаббат тарихы туралы баяндай отырып, барлық аңыздар Қараханды әулие деп таниды. Сондықтан да оның екінші есімі «Әулие-Ата».

Филология ғылымдарының докторы Ж.Дәдебаев: «Талас өңірінің аңыздары» атты мақаласында былай деп жазады: «Қарахан әулиенің шын аты Шах-Махмұд.Әулие ата Қарахан бала кезінен ерекше қасиетке ие болған. Өңінде де, түсінде де әулие адамдармен кездесетін және олармен әңгіме-дүкен құратын болған . Қаланың байырғы тұрғындары Қарахан әулие туралы төмендегідей аңыз келтірді: «Қарахан есейген шағында, бірде мынадай түс көреді: жан-жағының бәрі жап-жарық, ал оның өзі де сол жарық нұрдың ішінде жүрген сияқты. Алдынан ақ сақалды, ақ киімді кісі шығып былай дейді: Қарахан ислам дінінің туын биікке көтеру үшін туған. Егер Қарахан мұсылман дінін қабылдаса, әулие хан болады және Жаратқан Иенің сүйікті құлы болады. Осылайша Қарахан түсінде ақ бата алып, мұсылман дінін қабылдады. Оянған мезетте ол ақылының толысқанын, күшіне күш қосылып, байсалды, салиқалы бола тускенін сезінді.

Әулие Қарахан дүниеден өтер алдында баласын қасына шақырып, оған өзінің тұлпарының жалының бір қылын тапсырады да былай дейді: Мен өлген соң дұшпандар шабуыл жасайды, сол кезде мына қылды тұтатсаңдар мен келемін»-деп айтып, хан көзін жұмады.

Арада көптеген жылдар өтеді. Әке тағына отырған ұл да қартаяды, бірақ күткен дұшпан шабуылы болмайды. Терең ойға шолған ол қылды тұтатып көрмек болады. Тұтатуы мұң екен «Қайда дұшпандар?» деген тұлпарына мінген, бес қаруы бойында Қарахан пайда болады. «Кешір мені, әке» дейді баласы. «Халқың аман, дұшпандар шабуыл жасаған жоқ. Мен тек сенің сөзіңнің шындығын тексерейін деп едім»- дейді баласы. «Әттеген ай»- дейді әке баласына ренжіп. «Енді келімсек халықтың дамуы бізден жоғары болып кететін болды»- осыны айтып ол көзден ғайып болады.

Дереккөздер: ТӘАК отырысының хаттамалары және мүшелерінің хабарламалары. Қазақстан тарихи-мәдени мұралары. Тұран-2011ж. В.П: Панковтың мәлімдемелері. Түркістан археология әуесқойлар кружогі мүшелері жалпы жиналысы отырысының хаттамалары.