«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Аңыздар / Түймекент

Түймекент

Түйме қыздың шаһары

Халықтан асқан қазына жоқ. Ел аузында сақталған аңыз бойынша, бұл қалада ханның Түйме атты қызы салтанат құрған деседі. Сол уақытта қаланың сырты қамалмен қоршалып, бекітілген. Оның сырты да терең ормен қоршалып, ор суға толтырылған. Қамал әрі қаланың қабырғалары кірпіштен тұрғызылған, іргесі таспен өрілген. Түйме қыздың қаласының қорғаныс мұнараларымен жалғасқан әрбір қабырғасы жеті соғыс мұнарасы арқылы бекітілген екен. Күндердің күнінде жау батырының Түйме сұлуға көзі түсіп, қыз әкесіне құдалыққа елші жібереді. Алайда әкесі де, қыз да бұған көнбейді. Ақыры жау Түйме қыздың қаласын құлатады, бірақ мақсатына жете алмайды. Аңыз соңы Түйме қыз қаласымен бірге мерт болыпты деп түйінделеді. Ал аңыздың екінші нұсқасында Түйме ару Талас өзенінің Төрткүл аталатын даласын жайлаған Қаһарман атты байдың қызы екен дейді. Перзентке зар болған бай ұзақ жылдан кейін көрген қызының атын нәзік болған соң Түйме деп қойыпты. Түйме қыз бойжеткен соң оған құда түсушілер де, бір көріп, тілдесуді арман қылғандар да көп болыпты. Көрші шаһарлардан да саудагерлер келіп, бұл жерде ірі дүкендер мен базар шоғырланған аймаққа айналады.