Айша бибі
Махаббаттың мәңгілік символы: Айша бибі кесенесі
Адам баласы жаратылғалы бері махаббатпен өмір сүріп келе жатқаны айтылмас ақиқаттың бірі екені рас. Өйткені, махаббат – дүниедегі ең ұлы жүректің ықыласы. Махаббат – адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезімі. Адам жанын жадыратып, жан-дүниесіне бақыт ұясын орнықтыратын күші бар ғажап құбылыс. Әрбір пенде өзінің мақсатарының орындалуына əрекет жасау үшін махаббаттың күшімен қуаттанатыны тағы бар. Бұл – шексіз бақыттылық. Махаббат жоқ жерде, бақыт та жоқ. Сонымен қатар, махаббаттың өз қуанышы, шаттығы, мұңы мен сыры да бар. Кейде, ғашықтық – жүрек дерті. Бірақ, ол дерт жайлы ешкім ештеңе біла алмайды. Себебі, махаббаттың қандай дерт екенін тек ғашық болған жан ғана біледі. Халық арасында әлі күнге дейін жыр болып айтылып келе жатқан махаббат дастандарын еске алсақ, əуелі Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу хикаялары түседі. Осылардың қатарында халық арасында ұмытылмас іңкәрлік сезімінің куәсі ретінде бүгінгі күнге келіп жеткен Қарахан мен Айша бибі хикаясы да бар.
Айша бибінің аңыз адам ретінде атадан балаға қалған тарихи аңызы болмаса, басқалай тарихи деректер жоқтың қасы. Ал, қазіргі айтылып жүрген аңыз құпиясын зерттеп көрген ғалымдар әлі ді бір тоқтамға келе алған жоқ. Себебі, Айшаның нақты қай ғасырда, қай өңірде өмір сүргені белгісіз күйде қалып келеді. Бүгінгі күнгі оның өмір ғасыры жазылған деректердің тек, болжамға ғана негізделгенін айтуға тиіспіз. Сонымен, біз ол туралы құнды мұра ретіндегі артында қалған аңыз-жырларымен ғана шектелуге мәжбүрміз. Сол аңыздардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.
Баяғы заманда көркіне көз тоймайтын, ай сәулесінің өзі қоралана күй кешетін сыны жоқ сырсыз сұлулығының алдында барша жаратылыс бас иетін Айша бибі атты ару қыз өмір сүріпті. Жүзінен күн сәулесі шағылысар әппақ ақ айдындай жарқыраған көрікті келбетіне қызыққан қаншама жүректер жете алмай зәру күн кешіп, зарыққан екен. Неше мың батырлар, сұлтандар, ғұламалар ғашық болса да, ешкімді ұната қоймапты. «Тәңірімнің өзі берген сұлулығына өзі бір сұлу жанды табыстырар» деп болашақ сүйіктісін күтіп жүре беріпті. Бір күні Ташкент маңында үлкен сұрапыл соғыс болып, ол соғысқа көп әскермен Тараз қаласынан Қарахан патша да барады. Шайқастың шешуші сәті Қарахан бабаның пайдасына шешіліп, үлкен олжамен жеңісін аяқтаған ол, жата-жастана Ташкент маңындағы әулие-әнбиелерді зиярат етуге шығады. Осы сапарында Сүлеймен Бақырғанидың шәкірті, ұлы ғұлама, сиыр малының пірі саналған Зеңгі бабаның үйіне түседі. Ұлы әулиеден өзі үшін де, халқы үшін де ақ батасын алып, елге қайтуға қамдана бастайды. Осы сәт оның өміріндегі ең бір ұмытылмас күндердің біріне айналады. Қарахан баба Зеңгі бабаның жас қызы Айша аруды көріп, бір көргеннен ғашық болып қалады. Есі кетіп, ессіз күйге түскен Қарахан, құпия түрде Айшаға жолығып, өзінің іңкәр сезімін білдіріп те үлгереді. Өмірінде мұндай ержүрек, батыр, ақылды жігітті кездестірем деп ойламаған Айша да бірден оған ғашық болады. Қарахан осы сапардан еліне оралған соң, қайта келіп, оны айттырып алып кететінін айтып, еліне қайтады. Арада бірнеше айлар, жылдар өтеді, Қарахан оралмайды. Жаугершілік заман болса керек, тұс тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін, жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімде Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Сүйіктісінің сұңғыла сымбатын сағынған Айша ару күтуден жалыға бастайды. Ыстық жүрек, жалын атқан сезім, отқа оранған кеуде мен мазасыз жан-дүниесі қызға тыным бермей, ақырында Қараханды Тараз қаласына өзі іздеп баруға бел шешеді. Алдын-ала жолға шығуға дайындалып, уақыт сағаты келгенде әкесі Зеңгі бабаға сүйіктісін іздеп баратынын ескертеді. Алайда, оның Қараханды іздеп баруын жаман ырымға балаған әкесі Зеңгі баба, оны райынан қайтара алмасын сезген соң, оған көңілсіз қинала батасын береді. Жүзінен әлем күлген, жүрегінен жүз інген боздаған сағынышымен Айша ару қасына құрбылары мен әжесі Бабаджа хатунды ертіп жолға шығады. Бірнеше күн жол жүріп, Таразға жетеді. Қаланың төбесі көрінгеннен жүрегі өрекпіп, сағынышқа толы жан-дүниесінің аңсар арманын басқысы келіп, өзі тоқтаған Аса өзеніне түсіп, ай сәулесі түспеген әппақ тәнін тазартып, бір демалуды ұйғарады.
Салқын суға шомылып, тұла бойын сергітіп шыққан соң, күннің аптап ыстық шуағына шомыла жағаға келіп жайғасады. Су сабатының нәзік салқын ауасына қосылған таудың самал желі ұзақ жолдан шаршаған жас арудың балғын тәнін аялай сипап, рахат құшағына бөлейді. Сүйіктісінің ауылының төбесін көріп көңілі жайланып, енді аз уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, тәтті қиял бесігінде тербеле маужыраған күйі ұйықтап кетеді. Осы ұйқыдан өрімдей жас қыздың күн көзі ғана аялаған пәк тәнін даланың улы жыланы шағып оятады. Жүрек шіркіннің толастамаған тынымсыз сағым сезімінің аяқасты үзілерін кім білген десейші?! Денесін жайлаған табиғаттың тағы мақұлығының уынан тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Мұны естіген Қараханның жан-дүниесі алай-дүлей күй кешіп, сүйіктісінің жатқан жеріне қарай емшілері мен молдасын алып құрақтай ұшады. Аптығып, артылып жеткен Қарахан ару қыздың жылан уынан ісіп, кеуіп екі дүниенің арасында жатқанын көреді. Дереу қасындағы молдасына бұйрық беріп, екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол қызды қолына алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына:
– Айша, сүйіктім, сен енді менің бибім болдың, бибім болдың, бибім болдың! – деп үш рет айқайлайды. Әлі де тілге келіп жатқан Айша бибі:
– Менің соңғы демім сенің жүрегіңде мәңгі қалатынына сенімдімін. Менде арман жоқ. Сені көргенім – менің махаббатымның жарық жұлдызының мәңгі өшпес тірегі болып қалады, - деп көзім жұма о дүниеге аттанып кете барады. Қайғырып, қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күннің нұрындай мәңгілік шуақ шашып тұратын махаббат күмбезін орнатады. Әлемде жоқ 62 түрлі ою-өрнекпен өрнектелген бұл кесене бүгінде махаббаттың інжу-маржаны аталады. Бір-бірін кіршіксіз таза шынайы махаббат ықыласымен сүйген ғашықтардың аңыз желісіне арнап тұрғызылған бұл мазар – олардың өшпес сезімдерінің белгісіндей болып, Тараз қаласының іргесінде әлі тұр.