«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Тарихи-мәдени мұра / Тарихи ескерткіштер / Юнеско Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандар / Ақыртас сәулет-археологиялық кешені, VIII-XIV ғасырлар

Ақыртас сәулет-археологиялық кешені, VIII-XIV ғасырлар

Ақыртас — Тараз қаласының шығысында 40 км жерде, Ақшолақ теміржол станциясынан 6 км оңтүстікте Қырғыз Алатау бөктерінде орналасқан.Осыдан екі ғасыр бұрын тастан қаланған алып құрылыс Ақыртас кешені анықталған болатын.

Ақыртас- құпияға толы, әрі қайталанбас тарихи ескерткіш. Ақыртасты ғалымдар соңғы 150 жыл бойы зерттеп келеді.Алып құрылысқа ең алғаш көңіл аударған  орыс суретшісі М.С. Знаменский болатын. Ол генерал М.Г. Черняевтың əскери экспедициясының құрамында болып 1864 жылы  қаланың орнына келіп, Ақыртастың тас қабырғаларының сызбасын жасап қызықты суреттер салу арқылы өз ойын қағазға түсіреді.

Ақыртастың құпиясын ашуға XIX–ХХ ғғ. аяғына дейін қаншама белгілі шығыстанушылар, өлкетанушылар, археологтар мен геологтар- П.И.Лерх, Д.Л.Иванова, В.В.Бартольд, В.А.Каллаур, А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Т.К.Басенова, Л.Ю.Маньковская, К.М.Байпаков сынды ғалымдар әрекет еткен және ғылыми ізденістері нәтижесінде көптеген еңбектер жазған. Зерттеушілер Ақыртасты нақты Касрибас елді мекеніне балап отыр, ол жайлы ибн Хордадбек пен Құдама жазбаларында ескертілген. Өйткені олар өздерінің жол бағдарламаларында Тараздан Құланға дейінгі сауда жолының бөлігіндегі қалалардың нақты тізімінде келтіреді. XIII ғасырдың басында осы өңірге келген даосс монахы, саяхатшы Чан-Чун тастан қаланған алып құрылысты көргенің өзінің күнделігінде жазып қалдырады. Ол жазбада: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады»- деп жазады. Міне, бұл  Ақыртас туралы қазіргі уақытқа дейін белгілі ортағасырлық  жазба көздері. Ал археологиялық зерттеулер Ақыртастың өткен жұмбақ құпиясын ашады.

1992 жылдан бері ескерткішке профессор К.М. Байпақов бастаған Оңтүстік Қазақстан кешендіархеологиялық экспедициясы жұмыс жүргізіп келеді. Археологиялық зерттеулер барысында бірнеше әр заманғы археологиялық-архитектуралық ескерткіштер анықталып жәнеАқыртас маңынан бірнеше нысандар табылды:

  1. Сарай бекінісі.Ол алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен салынған. Сарайдың жалпы аумағы 162х138,5м. Ірі қызыл тас блоктардан қаланған.Қабырғаларының бұрыштары нығайтылған және дөңгелек пішінді мұнаралары бар диаметрі 7 м, солтүстік-батыс мұнарасының қалау биіктігі – 3 м-15 см). Қорған 4  бөліктен тұрады.  Бірінші бөлігі- мешіт және шаруаға қажетті бөлмелерден тұрады. Екінші солтүстік-шығыс бөлігі-12 тұрғын бөлмелер және 3 айваннан тұрады. Үшінші оңтүстік-шығыс бөлігінде-  13  бөлме  ішкі ауланың төңірегіне топтастырыла салынған. Ал, төртінші оңтүстік-батыс бөлігінде - 18 бөлме, 2 айван және 3 шаруаға қажетті бөлмелерден тұрады.
  2. Қала сыртындағы мекендер мен керуен сарайXIII-XIV ғғ.Ақыртас сарай құрылысының солтүстіктеу жерде қабырғамен қоршалған құрылыс кешені бар. Оның аумағы 2,5-га-ды құрайды. Онда қабырғамен қоршалған үй-жайлар орналасқан. Тік бұрыш тұрпатты үй-жай бөліктерінде тұрғын үй мен хауз-су қоймасы бар аула болған. Осындай үй-жайлар кешеннің солтүстік жағында онға жуық болса, оңтүстігінде екеу.Қала сыртындағы мекендердің жанынанXIII-XIV ғғ. жататын керуен-сарайдың орны табылды.
  3. «Қамал» және бекініс.Ақыртастан оңтүстік-батысқа қарай 1 шақырым жердегі тау тізбегінің үстінде қирандының қалдығы бар. Жобасы тік бұрышты болып келген құрылыстыңауданы (40х25м),  биіктігі 3-3,5м, ұзын жақтарымен аздаған ауытқуы бар шығыстан батысқа қарай бағытталған. Архитектуралық құрылыстық амал-тәсілдері мен археологиялық заттарға қарағанда құрылыс VIII ғ. екінші жартысы – IX ғ. мерзімделеді. Құрылысты тұрғызу барысында құрылыс материалдары ретінде саз балшық (сылаққа және тік бұрышты кірпіштер даярлау үшін) пен тас (қызыл тас) (ірге тасқа және қабырғаны қаптау үшін) пайдаланылған. Жақын жердебиіктігі 3-4 метр, көлемі 39х40,5 метрді құрайтың төртбұрышты ғимарат орналасқан.   Ғимараттың сыртқы және ішкі қабырғалары саз кірпішпен қаланған. Қазіргі таңда бұл ғимараттың үстіне шатыр орнатылған.
  4. Сарай алды бау-бақшасы, сарайдың шығыс жағында, аумағы 250х250м.
  5. Тас өңдейтін карьер. Қызылтас шоқысының шығыс беткейінен тас өндірілген. Бұл жерде ұзындығы 400 метрге жететін карьер жатыр. Онда әлі күнге дейін, өңделген тегістелген және жартылай  өңделген тастардың қалдықтары сақталған.
  6. Топырақ алатын карьер. Ақыртастан жарты шақырым жерде, таудың солтүстік етегінде, кірпіш пен қыш өңдірудегі негізгі материал – сары топырақтың қалың қабаты бар. Бұл жерден кірпіш күйдіруге арналған пештің қалдықтары, күйдірілген кірпіштің сынықтары, күл табылды.
  7. Хауздар (су қоймасы) – Ақыртастың солтүстігінде екі су қоймасы болған. Олардың батыс бағыттағысы ауданы 40х40, тереңдігі 2 метр болатын төртбұрышты қазан шұңқыр. Оған 3200 текше метр көлеміндегі су сияды. Ал шығыстағы су қоймасының диаметрі 30м.                                                                                                               
  8. Қорымдар тізбесі ерте темір дәуірі- ежелгі арнаны жағалай тау бөктеріне орналасқан.
  9. Қарауыл мұнара.Ақыртас айналасына əскери қауіпті хабарлайтын жүйе зерттелді. Қызылтастың бір шыңында тастан қарауыл мұнарасы салынған. Одан бірнеше қатар тас қалақ сақталған. Тас қалақтың диаметрі 5 м. Қасында тастан жасалған алаң бар. Бұл – от жағатын орын. Осы  жерде от жағып түтін арқылы хабар беріп отырған.