Тараз қалашығы, I-ХIХ ғасырлар
Тараз қаласының тарихи бөлігі, яғни цитаделі қазіргі орталық базардың астында жатыр. Мұнда қаланы билеушілердің резиденциясы орналасқан. Цитадельге жапсарлас қабырғамен қоршалған қаланың «шахристан» деп аталатын бөлігінде зиялы қауымның, бай саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері және шығыс базары мен мешіт, ал шахристан қабырғаларына жапсарлас қолөнершілердің шеберханалары, үйлері-рабад орналасты.
Ежелгі Тараз қаласының аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық моншалар, мыс-қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылды. Қаланы қоршаған қабырғаның қалыңдығы 1,25 м, ал биіктігі 9-10 м болған.
Қазіргі уақытта Шахристанның шығыс қабырғасының іздері сақталған.(Мирзоян көшесі жағында)
Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы да құрамында болған сол дәуірдегі ірі мемлекеттердің бірі - Қараханидтер империясы құрылды. Ол ХІІ ғасырдың соңына дейін өмір сүрді. Тараз қаласының гүлденуі Қараханидтер мемлекеті кезеңімен тұспа-тұс келеді. Сәулет өнерінің дамуына жақсы жағдайлар туындайды. Сол кездегі мәдениеттің жоғары деңгейде болғанына орталық базар аумағынан табылған Х-ХІІ ғ.ғ. мерзімделетін екі монша куә. Моншаның бірінде 1938 жылы А.Н.Бернштам қазба жұмыстарын жүргізген. Сақталып қалған фундаменттің қалдықтары, қабырға өрнектерінің бөліктері моншаның жобасы мен сәндеу тәсілдерін анықтауға мүмкіндік берді, ол ерлер мен әйелдерге арналған екі бөлімнен тұратын күмбезді құрылыс болып шықты. Қазақстанның сәулет өнері тарихында моншаның бөлмелерін әсемдеп безендіру сирек кездесетін құбылыс. Жабық базарды салу кезінде осыған ұқсас тағы бір монша табылды. Монша төрт бөлмелі. Кейбір жерлерінде қыш орындықтар, астау мен ваннаның қалдықтары сақталған. Өкінішке орай екі монша қазіргі кезде тек қана археологиялық ескерткіш ретінде саналады. Келешекте ол моншаларды зерттеп, қайта қалпына келтіру үшін мемлекет өзінің қорғауына алған.
Талас өзеніне салынған тас көпірдің құрылысын да зерттеуші ғалымдарымыз осы дәуірге жатқызады. Бұл «Ұлы Жібек жолындағы» керуендер, саудагерлер, саяхатшылар және Тараз қаласының тұрғындары пайдалынатын көпір болатын. Ал, қазір ол көпір қалдықтарынан тас-плитаның аздаған нұсқалары ғана көрінеді. Көпір туралы алғаш рет Х ғасырда араб саяхатшысы аль-Макдиси, ХІІ ғасырда Лаос монахы Чань-Чунь жазды.
«Көне Тараз» музейі мен археологиялық саябақтың құрылуы
Қазіргі заманғы қаланың орталық бөлігінде ежелгі Тараз қаласының үйіндісі сақталған. Алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары ХХ ғ. 30-шы жылдары басталған және сол кезде ғалымдар археологиялық саябақ құру туралы мәселені қарастырған болатын. Бірақ бұл жоспар 70 жыл өткен соң іске асырылды, 2011 жылы Тараз қалашығының шахристан аумағында ауқымды археологиялық қазба жұмыстар басталып, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенін құру, кешен аумағында «Көне Тараз» музейі мен ашық аспан астындағы археологиялық саябақты құру жоспарланды. «Көне Тараз» музейі 2015 жылдың қазан айының 8 жұлдызында «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойы қарсаңында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды.
Тараз қалашығының жалпы көлемі (10 га) қамтиды, археологиялық паркінің аумағында жос-парлы түрде археологиялық және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні осы аумақта Тараз қаласының орталық бөлігіндегі ортағасырлық Қарахан дәуіріне X-XII ғғ. жататын қала құрылысы табылды. Қала ортасындағы магистральді көше, қоғамдық және тұрғын үй қалалық құрылыстар: монша-хамам, екі керуен-сарай, тұрғын және сауда ғимараттары, су жүйесі және т. б. нысандар анықталып отыр. 2011-2016 жж. археологиялық қазбалардың үстінен атмосфералық жауын-шашыннан қорғайтын шатырлар құрылды. Археологиялық саябақ аумағында ортағасырлық археологиялық құрылымдардың үстінен экскурсиялық жаяу жүретін көпірлер орналастырылған. Осылайша, Тараз қалашығының орталық бөлігінде «ашық аспан астындағы» музейін құру жөнінде ғылыми-зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени кеше-нінің аумағында «Көне Тараз» музейі, «Тараз саздары» стелласы, шолу мұнарасы, «Мыңбұлақ» сквері және «Достық үйі» орналасқан. «Достық Үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассам-блеясының облыстық этно орталықтары орналасқан, мұнда қалалық және облыстық басты мәдени іс-шаралар өтеді.
Тараз қалашығының археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде алынған материалдар «Көне Тараз» музейінің экспозициясын құрайды. Табылған археологиялық олжалар Ежелгі Тараз қаласының – Ұлы Жібек жолында X-XII ғғ. өркендеу кезеңімен ерекшелінетін бірегей археологиялық коллекцияларды құрайды. Археологиялық қазбалар жұмыстары көрсеткендей, Тараз қаласында қолөнершілер өмір сүрген, олар қыштан, металдан, шыныдан, сүйектен тамаша бұйымдар жасаған; әр түрлі елдерден келген сауда көпестері қалаға керемет тауарлар алып келген. Тараз билеушілерінің атынан теңге сарайы жұмыс жасап, тиындар шығарылған; өлке мәдениетіне үлес қосқан ғалымдар мен шеберлер саяхаттаған. Әрбір археологиялық жәдігер көне заманда шеберлердің еңбегімен жасалған, олар осы заттарды игерудің ерекше «тілін» жақсы түсінген. Бүгінгі археологиялық ізденістер өткен ғасырлардың бізге құпиясын ашады,ежелгі Тараз қаласының ғылым, қолөнер және мәдениет деңгейінің дамуын көрсетеді.