Жалпақтөбе (Жікіл) қалашығы, VI–XII ғасырлар
Жікіл қалашығы Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылы маңына орналасқан қалашық. Зерттеуші А.Н. Бернштамның айтуы бойынша, Жікіл қалашығының аты сол дәуірдегі тұрғылықты Жікіл түркі тайпасының атымен аталған.
Г.И. Пацевичтің пікірі бойынша Жалпақтөбе қаласын Х ғ. араб географы əл-Макдисидің хабар-лауларындағы Жікілмен тепе-теңестіруге болады. Жалпақтөбе мен Жікілдің теңестірілуін Т.Н. Сенигова мен К.М. Байпақов құптайды.
Қаланы 1939-40 жж. Жамбыл археология пунктінің экспедициясы зерттеген. 1956 ж. Жетісу археологиялық экспедициясының отряды Т.Н. Сенигованың жетекшілігімен қалада қазба жұмыстарын жүргізген. 1983-86 жж. Тарихи жəне мəдени ескерткіштері жинағының археологиялық экспедициясы К.М. Байпақовтың жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2010 жылы «Археологическая экспертиза» ЖСШ ескерткіштер Жинағы экспедициясы С. Ақылбек, Ш. Құдабаев жетекшіліктерімен зерттелді.
Қалашық территориясында ескі зират орны бар. ескерткіштің батыс бөлігі саз балшық ауылдың нәтижесінде бүлінген. Қаланы айнала бақшамен және Жалпақтөбе ауылының құрылыстарымен қоршалған. Археологиялық зерттеулер кезінде, сондай-ақ аэрофототүсірілім барысында орталық қирандылардан айнала 1-1,5 шақырым жерден «ұзын» қабырға табылған. Қала территориясына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде VI-IX ғғ. деңгейіндегі үй-жай құрылысының ерекшеліктері анықталды. Ол бір-біріне жалғастырыла салынған тұтас құрылысты көрсетеді. Тұрғын бөлмелердің еденінде ашық типті жер ошақтар болған. Сыпалар қабырғалар бойында орналасқан. Құрылыстың қабырғалары шикі кірпіштен қаланса, ал іргетасы жұмыртастардан жасалған. Зат қоятын бөлмелерде астық сақтайтын ұралар болған. Қыш ыдыстары өсімдік өрнекті саптыаяқтардан, доға жəне сегмент тəрізді құлақтары бар қазандардан, қыштан жəне алебастрдан жасалған дөңгелек үстел-дастархандардан, шырағдандардан тұрады. Түргеш тиындары Жалпақтөбедегі құрылыс кешенін VII-IX ғғ. мерзімдейді. Көне қаланың жоғарғы құрылыс қабаты сырланған қыш ыдыстардың сынықтарына қарағанда X-XII ғғ. жатады.
Соңғы зерттеулер бойынша ескерткіш айналасына өнеркəсіп жəне тұрғын үй құрылыстарының салыну салдарынан оның тек 70х70 м болатын қабырғалары сақталған. Қабырғаларының саз кірпішгері сылағымен анық байқалады, биіктігі 1 м.