Кездейсоқ табылған жәдігерлер
Жамбыл облысының және Тараз қаласының тұрғындары «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы жыл сайын өткізілетін «Музейге сый тарту» акциясына белсенді атсалысып келеді. Бүгін музей-қорық қызметкерлері үшін таң жағымды тосынсыйдан басталды: Тараз қаласының тұрғыны Бейсекеев Аманат келіп, №14 жаңа қалалық тұрғын үй шағын ауданының құрылысы кезінде кездейсоқ табылған артефактілер туралы хабарлады. Өз кезегінде, музей-қорығының директоры Н.Бықыбаев ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Музей-қорығының қызметкерлері артефактілер табылған орнына барып,танысып қайтты. Кездейсоқ табылған жәдігерлердің ішінде 2- үлкен құмыраның бөліктері болды (кең мойынды конус тәрізді ыдыс). Фрагменттер жердің сазды-тасты қабатында 2,5-3 м тереңдіктен табылғаны туралы құрылысшы хабардар етті. Осыған ұқсас қыш ыдыстар X-XII ғғ.ортағасырлық Тараздың мәдени қабаттарында Тараз диханшыларының дәнді дақылдарды сақтау үшін пайдаланған.
Қалпына келтіру жұмыстарынан кейін бұл артефактілер ортағасырлық керамикасының музей коллекциясын толықтырады.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз қала және облыс тұрғындарын өз өлкесінің патриоттары болуға, біздің бай өлкеміздің тарихының жаңа беттерін ашуға көмектесетін олжалар туралы хабарлауға шақырамыз!