«Жыр дүлділі-Жамбыл»
Екі ғасырдың куәсі, жыршы-жырау,халық ақыны,ірі айтыскер ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылып жүрген көрмелердің кезегі Жуалы ауданы, Талапты ауылы, білім бөлімінің № 22 Б.Момышұлы атындағы орта мектебіне түсті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлерінің «Жыр дүлділі-Жамбыл» атты жылжымалы көрмемен таныстыруының басты мақсаты оқушыларға жыр алыбы Жамбыл ақынның өмірі мен шығармашылығын меңгерте отырып, Жамбыл шығармалары арқылы ұлтжандылық сезімін оятып, адамгершілікке, елінінің өнерін сүюге баулу болып табылады. Жылжымалы көрмеде ақынның өмірі мен шығармашылығынан тың мәліметтер айтылып, ақын өмірі туралы бейне материалдар көрсетілді.
Сонымен қатар көрмені таныстыру барысында археологиялық жәдігерлер ұрпақтар сабақтастығы, уақыт арасындағы байланыс ретінде көрмеге тамаша қосымша болды. Білім алушыларға ежелгі Тараз қалашығында қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген орта ғасырлық артефактілерді көруге мүмкіндік туды. Мектеп ұжымы ыстық ықыластарын білдіре отырып, алғыстарын жеткізіп, болашақта қоян-қолтық жұмыс жасау жөнінде ұсыныстарын білдірді.