Қыштан жасалған жәдігерлер
Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатының" сұранысы бойынша «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі атынан әдістемелік көмек көрсетілді. «Ежелгі Тараз» қалашығынан табылған қыш ыдыстарының бөліктері мектеп-интернатының ішінен ашылғалы тұрған «Рухани жаңғыру» музейіне қойылады. Аталмыш музей тасын түртсең тарихы көрінетін Ежелгі Тараз шаһарының тарихына арналмақ. Көрме экспозициясына музей қорындағы Ежелгі Тараз қалашығынан табылған қыштан жасалған жәдігерлерінің 40-қа жуық фрагменттері берілді. Мектеп-интернатының қызметкерлері алғыстарын айтып, ілтипатын білдірді. Осындай өлке тарихына арналған музейдің құрылуы мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне өз өлкесінің тарихымен, ортағасырлық Тараздың тарихымен және құнды жәдігерлерімен жақын танысуға үлесін тигізеді.