«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар / Ортағасырлық зергер бұйымдары

Ортағасырлық зергер бұйымдары

Қазақ халқының ұлттық нышанының бірі — зергерлік бұйымдар. Қазақ зергерлік әшекейлері бүгінгі таңға дейін сән үлгісінен қалған емес, сондықтан ғасырлар бойы өзінің ұлттық құндылығын жоғалтпаған.

Қазақтың халықтық зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Өнердің бұл түрінің түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Археология мен топонимиканың деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясында мыс, қалайы, алтын, тағы басқа асыл және түсті металдарға бай кен орындарын игеру ісінің ежелгі замандарда-ақ қолға алынғандығын айғақтайды.

Қазақтың зергерлік өнері ежелгі дәстүрлердің сабақтастығы мен көрші халықтар мәдениетінің өзара ықпалы арқылы қалыптасқан. Зергерлік өнердің өзіндік жасалу ерекшелігіне тән кәсіптік мінездемесі бар. Қазақ зергерлері (зер – зар парсы тілінде алтын ұғымын білдіреді) көбіне жеке-дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр-сырын ұрпақтан- ұрпаққа үйретіп отырған. Зергерлердің басты жұмысы – қоғамның барлық әлеуметтік топтарының сұранысына ие болған – әйелдердің әшекей бұйымдарын жасау. Ол тек эстетикалық сұраныстан ғана емес, сондай-ақ діни-идеологиялық, әдет-ғұрыптық, салт-дәстүрлік қажеттіліктен де туындап жатты.

Негізгі материал ретінде тіл-көзден, пәле-жаладан сақтайтын тылсым күші, қасиеті бар деп танылған алтын, көбінесе күміс пайдаланылды.

Зергер – сәндік бұйымдарды зерлеп, айшықтап жасаушы шебер, ұста. Бірақ, алтын, күміс әшекейлі бұйымдарды жасаумен әуестенушілер өздерін темір ұстасынан бөлек санаған. Осыған қарай оларды зергер деп атау Орта Азия халықтарында ерте кезден-ақ қалыптасқан.

зергерлік бұйымдардың халық шеберлері – зергерлердің эстетикалық және шеберлік дағдыларын танытады. Әшекейіне қарай әйелдің жасын, әлеуметтік тобын, қай аймақтан екендігін ажыратуға болады. Мысалы, ауқатты отбасынан шыққан әйелдің әшекейлерінде бағалы тастардан көз салынған алтын әшекейлер көп кездеседі. Олар күрделі көркемдік шешімдерімен, техникалық жағынан мінсіз орындалуымен ерекшеленеді. Бай, ауқатты жерден шыққан әйелдер зергерге бірыңғай нақышта жасалған әшекей бұйымдарының толық жинағына тапсырыс бере алады. Бар жердің қыздары салмағы үш келі шамасы күміс әшекейлер тағынған.

Халқымыздың дәстүрлі қолөнері – қайнар бұлақ, сарқылмас қазына, бай мұра. Бұл ұлттық санадағы сұ¬лулыққа деген іңкәрліктен пайда болған эстетикалық талғам. Халық зергерлері әсем бұйымдарды дүниеге әкеліп, сұлулықтың санадағы бей¬несін жасаған. Сөйтіп, ұрпақты тәр¬биелеп, көркем дүниені меңгеріп, одан әрі жетілдіре берген.

Зергерлік өнер – кәсіптік өнер. Бұл зергерлік бұйымдар адам тір¬шілігінің қажеттілігін орындап қа¬на қоймай, олардың өнер әлеміне деген көзқарасынан да хабар береді. Зергерлердің кәсіптік деңгейі ға¬сырлар елегінен өтіп, бізге жетті.

Осы өнердің түп-тамыры сонау әріде жатыр. Әуелден олар ұстап алған тағы аңдардың тісін жіпке тізіп, мойынына тақса, кейін өзен жағалауындағы ұлулар мен түрлі-түсті тастарды пайдаланды. Олардың сол замандағы түсінігі бойынша, бұл заттар бір жағынан әсемдіктің белгісі болса, тіпті, сол замандарда ырым ретінде қолданғанын байқаймыз. Мысалы, жыланның бастарынан моншақ тақса, онда ол тіл-көзден, аурудан сақтайды деп түсінген.

Қазақтың зергерлік өнерінің да¬муына көне дәстүрлерді жалғастыру және көршілес елдер мәдениетінің өзара әсері де ықпал етті. Мұны бұ¬йымдардың жасалу технологиясы мен көркемдік ерекшелігінен бай¬қауға болады. Қазақ қолөнерінің тағы бір ерекшелігі – жас зергерлер ұстаз¬да¬рынан үйреніп, содан кейін өздері жеке-жеке өнерлерін жетілдіріп отыр-ған. Әр зергердің өз құпиясы болған. Ол құпия отбасындағы осы кәсіпке бейімделген адамға мирас болып қала берген. Халқымыздың қолөнерінің, зер¬гер¬лік бұйымдарының сан-салалы нақыштарының қалай аталатынына, қандай мағына беретіні, қай салада қолданылатыны, өрбу, даму тегі зерт¬теуді қажет етеді. Қас шеберлердің қолынан шық¬қан қару-жарақ, ер-тұрман, ат әб¬зелдері, тұрмыста тұтынатын әр түр¬лі мүліктер мен сәндік әшекей-бұ¬йымдар шынайы өнер туындысына айналған. Асыл заттардың бәрі де жерден шығады, меруерт, маржан көлден шы¬ғады, осы байлықтың иесі – адам¬ның көңіл сарайынан өнер туын¬дылары дүниеге келген.

Ежелгі Тараз қалашығынан археологиялық қазба жұмыстары барысында металдан жасалған артефактілер де орта ғасырлар тарихынан сыр шертеді. Сонау мың жыл бұрынғы көздің жауын алатын алтын, күмістен жасалған түрлі білезіктер, сырғалар, асыл тастармен көмкерілген жүзіктерден құралған зергерлік бұйымдар ортағасырлық қолөнердің, мәдениеттің дамығандығының айғағы. Археологиялық зерттеулердің нәтижелері зергерлік өнердің өте ерте кезден-ақ жоғары деңгейдегі болғанын дәлелдеп берді. Зергерлік өнер заман, өмір ағымымен қашан да бірге туындап отырған күрделі де бейнеті мол сала қолөнері зергерліктің дамығанын көрсететін «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорында Ежелгі Тараз қалашығынан табылған зергерлік бұйымдар сақтаулы тұр. Зергерлік бұйымдар оймыш, ширатпа, қалыптама, бедерлеме тәсілдері арқылы жасалған. Көркемдік шеберлікпен нақышталуы жағынан музей қорындағы алтын-күмістен жасалған зергерлік бұйымдар ерекше сипатты. Зергерлік әшекей бұйымдардың бірі кемер белбудің ерлерге де әйелдерге де арналған түрлері бар. Безендірілуі және соғылуы мен нақышталуына орай кімдер таққанын ажыратуға болады.

Ұлттық мәдениетіміздің тарихында зергерлік өнер ерекше орны алады. Тарихи музейлердегі алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдар халықтық мұра, ғасырлар бойғы халық мәдениетінің көрінісі болып табылады.

Алия ОСПАНОВА - бас қор сақтаушысы