Күш атасы – Қажымұқан
Қажымұқан Мұңайтпасұлы — Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажымұқан бабамыз. Тарихи деректерге сүйенсек ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел деген ауылда дүниеге келген. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп, күреске түсіп, той томалақтарда елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болған. Қыпшақ тайпасы Ұзын ішіндегі Алтыбас руынан шыққан. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу — сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.
Қажымұқанның тұңғыш рет әлемдік деңгейде көрінген шағы — 1906 жыл. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды. Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері болған. Биыл Қажымұқан бабамыздың туылғанына 150 жыл толып отыр. Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлері Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайына барып қайтты. Мұражай Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында орналасқан. Бұл мұражай Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы музей үйі болып 1976 жылы ақпан айында ашылған. Ал 2001 жылғы 26 маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің №78 қаулысымен Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Мұражайдың шаңырағы іштен қарағанда күмбез болып келеді де, сырттан қарағанда жерді, елді жаудан қорғап өткен сарбаздарымыздың қолбасшылары, хан, бек, батырлардың шатырындай үшкірленіп тұр. Құрылыстың жоба-сызбаларын жасаушылар цирк аренасы секілді ойластырып, палуандық өнерді көрсетуді мұрат тұтқан. Осы мұражайдың алдында бабамыздың құрметіне салынған ескерткіш бар. Сонымен қатар, тік ұшақ макеті салынған. Оған себеп ол соғыс уақытында тік ұшақты өз қаражатына сатып алып оны соғысқа жіберді. Біз бұл кісінің нағыз патриот екенін көре аламыз. Осындай атақты адам үшін осы мұражай жарық көрді.