«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар / Әлихан Бөкейханов ХХ ғасырдың ең көрнекті тұлғасы

Әлихан Бөкейханов ХХ ғасырдың ең көрнекті тұлғасы

Шығу тегі

Арғы тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1870 жылы, наурыздың 5 жұлдызында бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бүгінде Шабанбай би селолық округы болып кетті. Әлиханның тегі алғашында Нұрмұхамедов болған деп көрсетіледі, кейіннен жоғарғы оқу орнының соңғы курсында ол өз қалауымен тегін Бөкейханов етіп өзгерткен.

Отбасы

Әлихан Бөкейханов Яков Севостьяновтың қызы Ольгаға үйленген. 1903 жылы қызы Елизавета, ал 1910 жылы ұлы Өкітай дүниеге келеді. Бөкейхановтың қызы Смағұл Сәдуақасовқа күйеуге шыққан. 1957 жылы ұлы Өкітай жұмбақ жағдайда өмірден озған.

Білімі

Әлихан Бөкейханов Қарқаралыдағы ауыл молдасынан арабша тіл сындырады. Кейіннен қаладағы үш сыныпты, орыс тілді бастауыш мектепке ауысады. Оны тәмамдаған соң, 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепке қабылданады. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеге түседі. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде білім алады.

Шығармашылық жұмыстары

Әлихан Бөкейхановтың мұрасы әр салаға арналған мыңдаған очерктер мен мақалалардан тұрады. Олар Ресей мен қазақ елінің барлық басылымдарында жарық көрді. Зерттеуші ғалымның, көрнекті публицист Әлиханның экономика, әдебиеттану, ормантану, ауылшаруашылық салаларына арналған көптеген жазбалары сақталған.

20 жылдардағы тұтқындау

1920 жылы Алаш автономиясы тарих сахнасынан біржолата жоғалып, оның мүшелері қудаланады. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылып, сонда 10 жыл бойы үй қамақта отырады.

Ату жазасы

Бутырка абақтысына қамалған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Әлиханның қабірнің қайда екені жайлы мағлұмат тек 2007 жылы жария етілді. Ол Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына көмілген.