«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар / 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары

2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрінен бастау алатын этникалық спорт түрлерін көрсететін бірегей халықаралық спорттық іс-шара өтуде. Бұл шара этноспорт пен этномәдени қозғалыстың дамуына ықпал етіп, оларды адамзат өркениетінің маңызды бөлігі ретінде атап өтеді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай, этноауылда Жамбыл облысының жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесе отырып, ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Тараз қаласынан құнды әрі бірегей жәдігерлерден көрме жасақтады. Көрмеге XVIII-XIX ғасырлардағы қолөнер және зергерлік өнер ұсталарының қолынан шыққан, сол ғасырлардың куәсі болған, тарихы бай, ата-бабаларымыздан қалған түпнұсқа мұралар ұлттық нақыштағы ағаштан, теріден жасалынған тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқтар, тоқыма бұйымдары, әскери өнерде, сондай-ақ саятшылықта пайдаланылатын қару-жарақ түрлері, аңшылық құралдары, қазақ ұсталары мен зергерлері дайындаған күмістен жасалған зергерлік бұйымдары және т.б. музей қорындағы құнды әрі бірегей этнографиялық жәдігерлер қойылды.
Сонымен қатар, іс-шараға «Қазақстан барысының» үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев қатысып, Жамбыл облысының спортшыларына ыстық лебізін білдіріп, айтулы аламанда топ жаруларына сәттілік тіледі. Байрақты бәсекеге ұлттық құрама сапында 8 спорт түрінен Жамбыл облысының 17 спортшысы бақ сынамақ.
Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық және мәдени іс-шаралары 5 негізгі нысанда – «Астана Арена» стадионында, «Қазанат» ипподромында, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз сарайында және «Думан» қонақ үй кешенінде өтеді. Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін «Қазанат» ипподромы бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алса, этноауыл кешені күніне 30 мыңға дейін келушіні қабылдай алады. Шараға 100-ге жуық елден 2500-ге жуық спортшы қатысады және 100 мыңнан астам жергілікті және шетелдік туристер қатысады деп күтілуде.