«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар / Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Ағымдағы жылдың 28 қазанында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы ұйымдастыруымен «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Іс-шараға алыс-жақын шетелдерден, атап айтсақ Түркия, Қырғызстан, Украина, АҚШ, Ресей секілді елдерден мемлекет қайраткерлері, ғалымдар және зерттеушілер қатысты.

Конференцияға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері қатысып, «Қазақ мемлекетінің бастауы болған Алтын Орда тарихы» атты баяндама оқыды. Сондай-ақ конференция қатысушыларына экскурсия ұйымдастырылды.

Аталмыш конференцияның басты мақсаты – Алтын Орданың материалдық және материалдық емес мұраларымен таныстыру, сақтау және насихаттау, ескерткіштерді сақтауды жақсарту бойынша шаралар әзірлеу, соның ішінде Қазақстанның халықаралық имиджін қалыптастыратын ішкі туризмді дамыту болып табылады.

Конференция барысында «Ұлық Ұлыс және Алтын Орда мемлекеттерінің әлеуметтік-саяси және мәдени тарихының заманауи интерпретациясы», «Алтын Орда кезеңінің археологиясы мен архитектурасындағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу және сақтау», «Ұлық Ұлыс және Алтын Орда материалдық және материалдық емес мұраларын зерттеудің мәселелері мен перспективалары, өзекті тәсілдемелері», «Ұлық Ұлыс және Алтын Орда мұраларын құжаттау, мониторингтеу және танытудағы жаңа технологияларды пайдалану мәселесі», «Ұлық Ұлыс және Алтын Орда тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің ішкі туризмнің тұрақты дамуындағы орны» секілді өзекті тақырыптар талқыланды.