«Zerek IQ» атты баланы дамыту орталығында жылжымалы көрме ұйымдастырылды
Ұлттық құндылықтардың уызына қанып өскен, тарихи біліммен сусындаған ұрпақ тәрбиелейміз десек, онда музей педагогикасының атқарар рөлін ескеруіміз керек.
Музей – халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өткен мен бүгінді жалғап отырған ғылыми-мәдени, рухани мекеме. Ал музей жәдігерлері – халық тарихы мен өнерін қамтитын талай замандардың тірі куәлары. Олар ұзақ ғасырлар бойындағы тірлік-тынысының айқын көрінісі, салт-дәстүрлердің жарқын іздері.
Осыған орай адамзаттың ыждаһаттылықпен жинақтап, қастерлеп сақтаған құндылықтарын жастарға насихаттай отырып «Zerek IQ» атты баланы дамыту орталығында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері «Ұлт болашағы саналы ұрпақ» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды.
Археологиялық жәдігерлерден жасақталған көрмеде күнделікті тұрмыста қолданылатын ыдыстар, IX-XIII ғасырға жататын қыш құмыралар,қола, қыш шырағдандар және т.б экспонаттар оқушылардың назарына ұсынылды. Артефактілерді көрген оқушылар музей-қорық қызметкерлерінен қызықтырған сұрақтарына мазмұнды жауаптар алды.
Осындай көрмелерді ұйымдастырудағы біздің басты мақсатымыз қазіргі жаһандану үдерісінің даму кезеңінде жас ұрпақты жан-жақты жетілген, эстетикалық талғамы биік, рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін, отаншылдық рухтағы, бәсекеге қабілетті, көргенді, білімді, ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыру.