Қыш бұйымдары
Ежелгі Тараз - Ұлы Жібек жолы торабындағы қыш қолөнерінің ірі орталықтарының бірі болған. Тараз қалашығында жүргізілген археологиялық қазбалар ортағасырлық қыш бұйымдарының ерекше стилін бейнелейтін керемет үлгілерін көрсетті. Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған артефактілер қала сырты - рабад аумағында шеберлердің қоныстанғандығын, олардың күнделікті тұрмыстық құралдарды дайындап, әртүрлі елдермен айырбас-сауда жасағандығын көрсетеді. Ортағасырлық саяхатшылардың Таразды «көпестер мен қолөнершілер қаласы» деп атағаны бекер емес.
Ежелгі Тараздың керамикасы көркемдік және техникалық жетілуімен ерекшеленеді, бұған қыш бөліктерінің, бояу мен шыңылтырдың жоғары сапасы, бұйымдардың пішіні мен өрнегі дәлел бола алады. Қыш ыдыстары қолмен жабыстырма әдісімен де, қыш шеңберінің көмегімен де жасалған. Өнімдердің безендірілуі әсемдігімен және нәзік түстерімен сипатталады. Ою - өрнектер салу үшін қалыптама, қию, құйма, қырнау сияқты техникалық әдістер қолданылған. Ежелгі қолөнер шеберлерінің қыш бұйымдарына өсімдік, геометриялық және аң-құстарды бейнелеп салған мағыналы өрнектері Ежелгі Тараз тұрғындарының мәдениеті мен тұрмысының жоғары деңгейде дамығандығын көрсетеді. «Мұсылман Ренессансы» (IX-XII ғғ.) кезеңінде қалыптасқан араб жазуы негізіндегі эпиграфикалық ою Орта Азия керамикасындағы ерекше құбылыс болды.
Ортағасырлық қыш бұйымдары Қазақстанның ежелгі қала тұрғындарының материалдық, мәдени және рухани байлығының даму деңгейін көрсетеді. Бұл басылымда ортағасырлық Тараз қалашығының қолөнер шеберлері жасаған құнды да бірегей қыш бұйымдары ұсынылған.