«Құпиялы мекен - Ақыртас»
Ақыртас туралы аңыз
Халық аңыздары мен әпсаналарын жинаумен XIX ғасырда уезд-бастығы В.А. Каллаур айналысты. Жергілікті Қазақтардың Ақыртас туралы аңыздарының еш маңызы жоқ, ол аңыздар этнографиялық қызығушылықтан гөрі тарихи маңызға ие: деп жазды ол.
Аңызда былай дейді:
«Ерте уақыттарда Талас пен Шу өңірінің ханы кәрі, ал Талас аңғарының ханы Бахмәл атты жас ару екен. Сүлулығына жан тең келмейтін осы сұлу патшайымға Шу әміршісінің ұлы жас батыр ғашық болады. Жіберген құдаларды патшайым келісімін бермей қайтарады. Ешкімнен беті қайтып көрмеген кәрі әмірші ашудан терісіне сыймай Бахмәлге айта барыңдар, егер қажет болса соғыс ашамын, дейді. Патшайым бұл қоқан-лоққыны құлағына да ілмейді. Сонда қай хан соғысар алдында екі хандықтың шекарасына тастан сарай тұрғызуды ұйғарады. Ал екі хандықтың шекарасы тура қазіргі Ақыртас тұрған жерден өтсе керек. Бұл маңнан таулар бөліп тұрған екі өзеннің аңғарлары анық көрінетін болған. Жас батыр тау жотасынан тастарды әкесі басқарып тұрған құрылыс орнына лақтырып тұруы тиіс еді. Хан тау үстінен Бахмәлдің ауылы көрініп тұратынынын білетін, сондықтан ұлын тауға жіберіп тұрып, түстік жаққа көз салмауды, ханшайымның ауылы көрініп тұрған Таласқа қарамауды қатаң тапсырды.
Жұмыс қызып берді. Жас батыр тау басынан жиырма шақырым жердегі құрылысқа орасан зор тастарды жаңқа құрлы көрмей лақтырып тұрды. Бірақ, шыдай алмады жас жігіт, қарауға тыйым салған жаққа көз салды. Көз салды да Таласқа шомылып жатқан қас сұлуды көрді... Жас ханзаданың жүрегі лүпілдеп, буын-буыны әлсіреп, тас лақтырмақ тугілі жерден көтеруге де шамасы келмей қалды.
Міне осылай Ақыртас құрылысы аяқталмай, Бақмәл сұлуға үйлену тойы болмай қалды...»
Халық аңыздары ауыз әдебиетінің көптеген ғасырлар бойғы бай мұрасы. Жоғарыдағы аңыз да Ақыртас құрылысының өте ерте заманғы екенін және оның халық жадында аңыз-әпсаналарымен кірігіп кеткенін көрсетеді.
ТАӘК отырысының хаттамалары және мүшелерінің хабарламалары, Қазақстан тарихи-мәдени мұралары.Тұран-2011 жыл.