Ақыртас
Тылсым сырға толы Ақыртас сарай кешені
Халық аңыздары мен әпсаналарын жинаумен XIX ғасырда уезд-бастығы В. А. Каллаур айналысты. Жергілікті Қазақтардың Ақыртас туралы аңыздарының еш маңызы жоқ, ол аңыздар этнографиялық қызығушылықтан гөрі тарихи маңызға ие: деп жазды ол.
Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде Талас пен Шу өңірінде екі өзенді жайлаған екі хан өтіпті. Шу өзенінің ханы жасарын жасап, жасы келген кәрі жаста екен. Ал, Талас өзенін жайлаған хан – балғын жүрек, аса сұлу, көркінен күн таятын жас ару қыз болыпты. Сұлулығына тең келер ешкім болмаған аруға Шу әміршісінің жас та болса батыр, қол бастаған, ерлігі елге жайылған баласы ғашық болады. Қалайда сол ауруды аламын деген Шу әміршісі оған айттыру үшін өзінің адамдарын жібереді. Әрі жас, әрі хан, әрі батыр болған патшайым оларды менсінбей кері қайтарады. Мұны естіген кәрі әміршінің ашуы терісіне сыймай, аспанда үйірілген қара бұлттай қаһарына мініп, соғыс ашуды ойлайды. Ал, жас ару ханшайым мұның қоқан-лоққысын құлағына да ілмей, жайбарақат өмірін сүре береді. Кәрі хан соғыс ашпас бұрын алдымен екі елдің шекарасынан өзіне лайықты тастан қамал салуды ұйғарады. Сөйтеді де, баласы екеуі тау аңғарынан қызыл қияның қыршын тастарын тасуға кіріседі. Себебі, осы тау аңғарынан Таластың патшайымы Ару қыздың ордасы анық көренеді екен. Жас батыр, арыстан тұлғалы баласы тау тастарын құрылысқа салып тұруға міндетті болады. Сонда әкесі:
– Ұлым! Тауға барғаныңда ханшайымның ауылы көрініп тұратын Таласқа көз салушы болма. Мұны саған қатаң түрде ескертемін, – дейді. Жұмыс ақырындап қызып жүре береді. Бірақ, жас ару, көркіне көз тоймас ханшайымның сұлулығы есін тандырған алып батыр шыдай алмай Таласқа қарай көз салады. Көз салғаны соле кен, Таласқа шомылып жатқан айдың ақ жүзінен асып түсер ару қыздың пәк денесіне көріп қалады. Сол-ақ екен, жас ханзаданың жүрегі лүпілдеп, буын-буыны әлсіреп, тас лақтырмақ тугілі жерден көтеруге де шамасы келмей тұрып қалды. Содан жігіттің әл-қуаты кетіп, тастарды көтере алмайтын хәлге түсіпті. Осылайша Ақыртас қалашығының құрылысы аяқталмай қалған деседі.
Халық аңыздары ауыз әдебиетінің көптеген ғасырлар бойғы бізге келіп жеткен осындай бай мұрасы – Ақыртас құрылысының өте ерте заманғы екенін және оның халық жадында аңыз-әпсаналарымен кірігіп кеткенін көрсетеді.