Новости
Бүгін "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мәдени-тарихи музей-қорығы" мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жас шәкірттермен кездесу өтті. Наурызнама онкүндігі аясында Тараз қаласындағы "Бақытты болашақ" Оқушылар сарайында болған шарада бүгінгі Шаңырақ күнінің мән-маңызы айтылды. Отбасы құндылығы мен туыстық қатынастардағы тәрбие жолы да сөз болды. Сондай-ақ біздің әріптестер оқушыларға "Алтын кереге" тақырыбында орта ғасырдағы жәдігерлерді таныстырып, олардың тарихын жекелей түсіндірді.
Жәдігерлерді тамашалаған Оқушылар сарайының шәкірттері өздеріне ұнаған тарихи бұйымдардың суретін қағаз бетіне түсірді. Сонымен қатар, Тараз жеріндегі көне ескерткіштер жайлы білетін деректерін ортаға салды.
Өздеріңізге белгілі, былтырдан бастап Президент жарлығымен Қазақстанда 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі өте бастады. Мерекенің жаңа логотипі бекітіліп, яғни әр күн қазақ халқының құндылықтарын көрсететін бір тақырыпқа арналмақ. Кеше «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 14 наурыз – Амал мерекесі республика көлемінде тойланды. Көктем мен жаңа жылдың басталуы орай ізгі тілектер айтылып, концерттік бағдарламалар өткені де белгілі.
Ал бүгінгі 15 наурыз – жан жылуы пен мейірімділікке арналған «Қайырымдылық күні». Қазір ел бойынша жанашырлық пен өзара қол ұшын беру құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған осы бағытта жаппай шаралар өтуде.
Біздің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» ұжымы мұндай елдік істен қалыс қалмады. Атаулы күні әріптестеріміз Тараз қаласының тұрғыны, жалғызбасты ананың шаңырағында болып, Наурыз мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ арнайы азық-түлік толтырылған сый-қоржынын табыс етті.
Кеше «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мекемесінің ұйымдастырумен қызықты дәріс өтті. Оның ерекше болуының бір себебі – халықаралық деңгейде қамтылуы. «Жібек жолы: Чаньан-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық желісіндегі Қазақстанның орта ғасырлық қалашықтары» тақырыбындағы сабақ Қытай Халық Республикасының Тунжень қаласындағы Тунжень политехникалық колледжінің оқытушылары мен студенттеріне арналған болатын.
Дәрісте біздің музей-қорыққа қарасты Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтарының, «Ақыртас» кешенінің тарихы, аңыз-әпсаналары баяндалды. Сонымен қатар, орта ғасырда өркениеті мен мәдениеті дамыған Тараз қаласы мен еліміздің керемет тарихи ескерткіші саналатын Айша бибі кесенесі туралы айтылды. Бұған қосымша Тараз қаласына 100 жыл бойы Әулиеата есімі берілген Қарахан баба аңызы мен кесенесі жайлы деректер берілді.
«Музей ісі және экскурсиялық қызмет көрсету» бөлімінің экскурсоводы Назира Бахытқызы өткізген онлайн-сабақ соңында қытайлық оқытушылар мен студенттер өздерінің жылы лебізін білдіріп, алғыс айтты.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Ақыртас сәулет-археологиялық кешеніне бүктеме парағы дайындалды.
Ақпаратты ұсынушы «Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің ғылыми қызметкері – М. М. Ибаділдаева. Ал көркемдік тұрғыдан безендірген «Қор сақтау және есепке алу» бөлімінің дизайнері – Г. С. Әбдібекова.
Бүгінде турисі толастамайтын Тараз қаласы маңындағы Айша бибі кесенесінде ҚР Парламенті Сенатының бір топ депутаттары болды. Сенатор Әли Бектаев бастаған қонақтарды кесене тарихымен біздің ұжымның экскурсоводі Ақгүл Алтынбекова таныстырды.
Келуші қонақтарға Айша бибі туралы аңыздың бірнеше нұсқада екендігі, осы тарихи тұлғаның Қарахан бабамен байланысы және кесененің қай ғасырда тұрғызылғаны жөнінде көптеген ақпарат айтылды.
Сондай-ақ депутаттар «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мекемесінің негізгі атқаратын жұмысымен танысып, оған қарасты 30 тарихи ескерткіштер туралы мәліметке қанықты.
16 Март 2025
491