Новости
Бәріңізге белгілі, ХІ ғасырдан бері сақталған сәулет өнерінің жәдігері Қарахан кесенесіне күтіп ұстау – біздің мекеменің басты міндетінің бірі. Мекеме басшылығы мен кесене басындағы қызметкерлер киелі орынның басында тазалық жұмыстарын үнемі назарда ұстап отырады. Кеше де «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» ұжымы ескерткіш аумағында осындай жұмыстар атқарған еді. Сонымен қатар, кесенеге келушілермен тілдесіп, қонақтардың ой-пікірін де тыңдап қайтты.
Айталық, Ресейдің Түмен жерінен келген қонағымыз кесене тарихына қанығып, қызмет көрсету жұмысына алғыс айтумен (бейнекөріністе) болды. Сондай-ақ ескерткіш аумағының тазалығына өз ризалығын жеткізді.
Аталған бағдарламада қазақ даласындағы ежелгі тарихи ескерткіштің бірі, ХІ ғасырдан бері сақталған сәулет өнерінің жәдігері Қарахан кесенесінің сақталу тарихы айтылған. Сондай-ақ кесене тұрғызу кезінде қолданған ою-өрнекті кірпіштердің өзіндік ерекшелігі туралы қызғылықты мәліметті де ести аласыз.
Кесене жайлы ақпарат беруші «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» мекемесінің кіші ғылыми қызметкері Гүлмарал Қамбар.
Бүгін "Ежелгі Тараз ескерткіштері тарихи-мәдени музей-қорығы" мекемесінің ұжымы "Нұр Әлім" балабақша мектеп-гимназиясымен бірлесіп, жылжымалы көрме өткізді. Көрме өткізудегі біздің мақсат — Тараз жерінен табылған құнды жәдігерлердің тарихын жекелей таныстыру. Мұнымен қатар, өлкеміздегі тарихи ескерткіштер мен аңыз тұлғалар жайлы деректерді жиі насихаттау арқылы балалар бойына отаншылдық рух беру.
Айта кетейік, көрме жұмысы 2 сыныптан бастап 6-7 оқитын мектеп оқушыларын қамтыды. Шара соңында мектеп басшылығы біздің қызметкерлерге шынайы алғысын білдірді.
Өткен жылы И. Панфилов атындағы № 39 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Нұрбек Дүйсебайұлының жетекшілігімен 9 сынып оқушысы Ақниет Салық ғылыми жобаға қатысуға талаптанған еді. "Менің қаламдағы музей" деп аталатын ІІІ республикалық ғылыми жоба талаптарына сәйкес, біздің ұжым оқушыға өз қолдауын білдірген де болатын. Толығырақ айтсақ, "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени музей-қорығы" мекемесінің "Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау" бөлімі қызметкерлері Ақниетке қажетті кітаптар мен тың мәліметтерді табуға көмектесті. Әдістемелік кеңес беріп, құны жоғары көне жәдігерлерді ұсынып, олардың тарихымен таныстырды.
Жақында ол Астанада өткен республикалық ғылыми жобада өз жұмысын жоғары деңгейде қорғап шықты. Сайыс қорытындысымен Ақниет Салық ІІ орынды жеңіп алды.
Аталған мектеп ұжымы мен жеңімпаз оқушымызды ғылыми жетістігімен құттықтаймыз!



Бүгін Тараз қаласындағы № 61 орта мектепте «Тарих пәндерін оқытуда инновациялық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында бірлескен көрме-семинары өткен еді. Тақырыбы айтып тұрғандай, мұндағы мақсат – қазақ тарихынан дәріс беруде заманауи озық оқыту әдістерін пайдаланып, оқушыларға беретін білім сапасын арттыру болмақ. Маңызды кеңесті № 61 орта мектебінің тарих пәні бірлестігі ұйымдастырған.
Семинар-көрмеде қалалық білім бөліміне қарасты пән мұғалімдері тарих пәнін өткізудегі тың тәсілдерді айтып, өзара тәжірибе алмасты. Оқушы сауаттылығын арттыруда аталған пәннің ерекшелігіне тоқталып, оны жаңа инновациялық технология бойынша жетілдіру қажеттігі айтылды.
Аталған жиынның ең маңызды бөлігі – көрме. Оны біздің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мекемесінің қызметкері Фариза Жұмағұлова таныстырды. Көрмеге қойылған заттардың дені – археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер. Басым көпшілігі Х-ХІІ ғасыр аралығындағы дәуірді қамтиды.
Бір қуаныштысы, қаладағы 31 мектептің тарихшылары тамашалаған көрме жұмысына ұйымдастырушы тарап өз ризашылығын білдірді. Көрме соңында № 61 орта мектептің басшылығы біздің қызметкерлерімізді, атап айтсақ, Ұлбосын Әлімханова, Фариза Жұмағұлова, Еркен Баймырза және Айсана Бизатханованы «Алғыс хатпен» марапаттады.
ӘРІПТЕСТЕРІМІЗДІ ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
21 Фев 2025
463