Новости
Наурызнама онкүндігінде атап өтілетін атаулы күннің бірі - Ұлттық спортқа қатысты болатын. Мерекені атап өтуде бүгін еліміздің әр жерінде қазақ халқының байырғы бәйге, көкпар, күрес, жамбы ату, аударыспақ, батпан көтеру, тоғызқұмалақ және т.б. ұлттық спорт түрлері жан-жақты насихатталуда. Балалар мен жастар, тіпті үлкендеріміз де бұл кезде дүбірлі сайыс өткізіп, ұлт спортының құндылығын барынша ұлықтайды.
Ал біздің "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени музей қорығындағы" әріптестеріміз тоғызқұмалақ ойынының тарихын тәпсірледі. Яғни ақыл-ойды дамытуға арналған қазақтың дәстүрлі ойынының шығу тарихына үңілді. Сондай-ақ көне Тараз жеріндегі қазба жұмыстары бойынша табылған тоғызқұмалақ ойынының тасқа бедерленген нұсқасы жайлы да баяндайды.
4 мың жылдан бері қарай келе жатқан ойынды ең алғаш қойшылар ойлап тапқан деген дерек бар. Ауызекі айтылған аңыз-әңгімелерде тоғызқұмалақ қойшылардың таптырмас ермегі болған. Тоғыз санын қойдың құмалағымен байланыстыра атағанына қарағанда бұл сөз рас па деп те қаласыз. Жалпы түркітілдес халықтар ойыны деп есептелетін тоғызқұмалақ біздің елімізде интеллектуалдық, зияткерлік ойын есебінде дамып келеді.
Толығырақ бейнесюжетте...
Наурызнама онкүндігінде белгіленген «Ұлттық киім» күнін атап өтуде біздің ұжым қалыс қалмады. Яғни «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» мемлекеттік мекемесінің қыз-келіншектері қазақ халқының бай мәдени қазынасының бірі – ұлттық киім жайлы айта келіп, оны заманауи бағытта үйлестіріп кию жағына да ерекше назар аударды.
Бейнероликте көргеніңіздей, әріптестеріміз – Ұлжалғас Шайзхан, Гүлмарал Қамбар және Ақдидар Жәнібекқызы өздері киген киім жайлы мағлұмат айтуда. Сондай-ақ «Ұлттық киім – ұлттық өнер» тақырыбындағы республикалық челлендж және оның мақсаты туралы да мәлімет береді.
Адалдық пен сұлулықтың символындай болған өзіміздің ұлт киімін киюді ұмытпаңыз. Ол – бабалардан жеткен тарихи аманат. Оның әр өрнегінде ұлттың өр рухы мен терең шежіресі жатыр.
«Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Яғни байырғы заманнан бүгінге дейін жеткен бабалар қазынасын дәріптейтін күн. Жалпы Наурыз мерекесі басталғалы ұлт руханиятының алтын діңгегі һәм тірегі саналатын мәдени мұраларымызды ұлықтау жер-жерде жүруде. Республика көлемінде көктем мен жыл басталуына орай ізгі тілек айтылып, қызықты шаралар тоқтаусыз өтіп жатыр.
Ал бүгінгі атаулы күнде «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» ұжымы ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын назардан тыс қалдырмады. Сан ғасыр бойы жалғасқан салттың бірі, әр әулет үшін үлкен мереке – Тұсаукесер тойын өткізді. Ұжымдағы көп балалы ана, мекеменің бас қор сақтаушысы Ұлболсын Әлімханова Тараз қаласының кішкентай тұрғыны Амира Еркебұланқызының тұсауын кесіп, үлкен өмірге деген алғашқы қадамына ақ тілегін айтты.
Анықтама үшін айтсақ, тұсаукесер – қазақтың керемет дәстүрлерінің бірі. Бүгінге дейін сақталып келген рәсім кішкентай балаға арналған әрі оны бала тез аяққа тұруы үшін жасайды. Әдетте тұсаукесер тойы бала алғашқы қадамдарды жасай бастағанда, көбінесе сәби жасқа толғанда өтеді. Тіпті деректерде бұл дәстүр қазақ халқында тәңірлік кезеңнен бері бар деп саналған.
Талай сынақты бастан кешсе де қазақ халқы осылайша өз дәстүрінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Ұлттық болмысты айшықтайтын бабалардың мұндай аманаты көз қарашығындай сақталып, жадымыздан өшпеуі тиіс. Наурызнама онкүндігінің жалпыхалықтық сипатқа ие болуының бір сыры да осында.
Ұлт мәдениеті мен руханияты жасай берсін!
Бүгін "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мәдени-тарихи музей-қорығы" мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жас шәкірттермен кездесу өтті. Наурызнама онкүндігі аясында Тараз қаласындағы "Бақытты болашақ" Оқушылар сарайында болған шарада бүгінгі Шаңырақ күнінің мән-маңызы айтылды. Отбасы құндылығы мен туыстық қатынастардағы тәрбие жолы да сөз болды. Сондай-ақ біздің әріптестер оқушыларға "Алтын кереге" тақырыбында орта ғасырдағы жәдігерлерді таныстырып, олардың тарихын жекелей түсіндірді.
Жәдігерлерді тамашалаған Оқушылар сарайының шәкірттері өздеріне ұнаған тарихи бұйымдардың суретін қағаз бетіне түсірді. Сонымен қатар, Тараз жеріндегі көне ескерткіштер жайлы білетін деректерін ортаға салды.
Өздеріңізге белгілі, былтырдан бастап Президент жарлығымен Қазақстанда 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі өте бастады. Мерекенің жаңа логотипі бекітіліп, яғни әр күн қазақ халқының құндылықтарын көрсететін бір тақырыпқа арналмақ. Кеше «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 14 наурыз – Амал мерекесі республика көлемінде тойланды. Көктем мен жаңа жылдың басталуы орай ізгі тілектер айтылып, концерттік бағдарламалар өткені де белгілі.
Ал бүгінгі 15 наурыз – жан жылуы пен мейірімділікке арналған «Қайырымдылық күні». Қазір ел бойынша жанашырлық пен өзара қол ұшын беру құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған осы бағытта жаппай шаралар өтуде.
Біздің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» ұжымы мұндай елдік істен қалыс қалмады. Атаулы күні әріптестеріміз Тараз қаласының тұрғыны, жалғызбасты ананың шаңырағында болып, Наурыз мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ арнайы азық-түлік толтырылған сый-қоржынын табыс етті.
20 Март 2025
447