Государственный историко-культурный музей-заповедник

«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

Главная / Новости

Новости
    «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мекемесіне қарасты Қарахан баба кесенесі туристер жиі аялдайтын орын екені белгілі. Мұнда өз еліміздің әр өңірінен келген тұрғындардан бөлек, алыс-жақын шетелдіктер де жиі соғады.
    Жалпы қай кесене басына (Қарахан, Айша бибі, Тектұрмас, т.б) келушілерге біздің мекеме экскурсоводтары көне шаһар Тараз бен ондағы барлық тарихи сәулетті ескерткіштер туралы мол мәлімет беріп келеді. Яғни көне қаланың бұрынғысы мен бүгінгісін айтып, сондай-ақ қазба кезінде табылған көптеген бұйымдар тарихы жайлы да сөз қозғайды.
    Айта кетейік, келушілерді көбіне-көп кесене мен ескерткіштердің тарихынан бөлек, олардың күтіп-ұсталуы және аумағының тазалығы, көркейту жұмыстары қуантып тұр.

     Бүгін «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директорының міндетін атқарушы болып Нұржан Мергенбай тағайындалды. Жаңа басшыны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева таныстырды.
Нұржан Мергенбайұлы 1987 жылдың 23 наурызында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің түлегі.
     Еңбек жолын 2007 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалында бастаған. Әр жылдары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ «Қазақстан» Ұлттық арнасы, «Хабар» агенттігі, «1 арна Еуразия» телеарналарында және мәдениет саласында жемісті еңбек еткен. Осыған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Qazcontent» АҚ жұмыс істеген. Отбасылы, 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отыр.
 
 
       Бүгін әріптесіміз Фариза Жұмағұлова «Сіз білесіз бе?» айдарын жүргізіп, қала тұрғындарымен кездесті. Сауалнама жүргізіп, олар білетін деректерді қосымша толықтырды.
       Сауалнамада айтылғандай, көп жылдар бұрын халық арасында «Көк базар» атанған ашық аспан астындағы сауда базарының орны бүгінде жоқ. Есесіне қазір 2011-2017 жылдары қазба жұмыстары негізінде «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені ашылып, археологиялық саябақ ретінде жұмыс істеп тұр. Яғни бұл орын тарихы терең Жамбыл жерінде Қарахан баба, Айша бибі кесенелерімен бірге туристердің тұрақты келу орнына айналған. Сонымен қатар, сұрақ-жауап барысында ежелгі Тараз қаласы, Ұлы Жібек жолы, тарихи кесенелер және Жамбыл Жабаев ескерткіші туралы да жұртшылық өз білетіндерін айтып, ой бөлісті.
       Айта кетейік, иелігіне Жамбыл облысындағы 30 тарихи-мәдени ескерткіш кіретін «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мекемесі биыл «Сіз білесіз бе?» атты айдар ашқан еді. Мұндағы мақсат – тұрғындар мен келуші туристердің тарихи тұлғалар мен оларға қатысты ескерткіштер жайлы таным, түсінігін кеңейту. Киелі кесенелер мен шаһар орындары жайлы ақпарат беру. Сіз де бүгінгі тақырыпқа сай қатысты білетін деректеріңізді пікірлер алаңына (комментарий) жазуыңызға болады.
 
 
     «Жібек жолы» туристік пойызы киелі өңір – Тараз қаласына аялдады. Келген қонақтар 2000 жылдан аса тарихы бар көне шаһардың тіршілігімен танысып, тарихи-мәдени ғимараттар мен кесенелер басында болды.
     Нақтырақ айтсақ, туристер Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени  музей-қорығы» мекемесіне қарасты Айша бибі, Қарахан баба, Дәуітбек және Бабаджа хатун кесенесін, сондай-ақ «Көне Тараз» тарихи- мәдени кешенін көзбен көрді. Әр нысанның өз дәуіріндегі тарихын тыңдап, ерекше мағлұматтарды естіді. Ал қонақтарды тарихи орындармен таныстыруды ұжым экскурсоводтары Фариза Жұмағұлова, Нәзира Қарақұлова, Еркен Баймұрза, Гүлмарал Қамбар және Ақгүл Алтынбекова жүргізді.
Келушілерді таңқалдырғаны – «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына» қарасты тарихи орындардың тазалығы. Екіншіден, көнеден келе жатқан бай мұраның қала маңында топтаса орналасып, небір ғажайып аңыз-әңгімеге арқау болуы оларды керемет әсерге бөлегендей. Сондай-ақ туристер әріптестеріміздің көрсеткен қызметіне де риза болып, алғысын жаудырды.
     Айта кетейік, «Жібек жолы» пойызы «Алматы – Түркістан – Ташкент –Самарқан – Тараз – Алматы» бағытындағы халықаралық тур ұзақтығы 5 күнді құрайды. Көрші Өзбекстанмен қатар, қазақ даласындағы тарихи жәдігерлерді де таныстыруды мұрат тұтқан туристік жобаның маңызы да ерекше екенін баса айтуымыз керек. Сапар барысында туристер барған мекенжайының әсем жерлері мен көрікті табиғатымен қатар, көне тарихмен ұштасқан киелі орындарын да аралап жүр.
 
 
    Бүгін Наурызнамаға сәйкес "Ынтымақ" күні. Соған орай Жамбыл облыстық ҚХА ұйымдастырған шараға "Ежелгі Тараз мәдени-тарихи музей-қорығы" мекемесі де қатысты. Бірлескен түрде өткен жоба "Барыңды бағала" тақырыбында вандализмге қарсы өтіп отыр.
    Тараз қаласындағы Достық үйі жанындағы Көне Тараз археологиялық кешенінде өткен шарада біздің ұжым арнайы жылжымалы көрме ұйымдастырды. Көрмеде көне Тараз және оның айналасындағы ежелгі тұрақтар орнынан табылған жәдігерлер қойылды.
    Айта кетейік, жылжымалы көрмені Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, "Ассамблея жастары", "Жастар ресурстық орталығы" ұжымы, этномәдени бірлестіктер, әскерилер мен оқушылар тамашалап, өткен тарихтың сырына қанықты.