News
Бүгін Тараз қаласындағы №66 орта мектепте «Тарих» пәнінің ұстазы Дана Қадырбаева 6-7-ші сынып оқушыларына ашық сабақ беріп, біздің мекемемен бірлескен көрме өткізді. Мұндағы басты мақсат – өңірдегі ортағасырлық қалалар мен сәулет өнерін оқушыларға таныстыру, тарихи жәдігерлерді көрсету.
Көрме барысында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемелекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсоводы Фариза Жумағұлова оқушыларға аймақтағы ескерткіштер тарихын қызғылықты етіп әңгімеледі. Соның ішінде әлемдік «ЮНЕСКО» мұра тізіміне енген ескерткіштер туралы айтылып, археологиялық қазба жұмыстарын кезінде табылған жәдігерлер көрсетілді. Сондай-ақ көрмеге Қарахан мемлекеті тұсындағы қыш ыдыстар, құмыралар, қазан, су құбырлары, сұйықтық сақтауға арналған сынап көзелер, қоладан құйылған шырағдандар сияқты көптеген жәдігерлер қойылды.
Бұл жолғы дәрісіміз келешектегі нағыз өз мамандарына арналғандай.
Бүгін “Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау” бөлімінің ғылыми қызметкері Гүлмарал Үшкемпірқызы М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің “Тарих” мамандығының 2 курс студенттеріне “Дәуітбек кесенесі” жайлы лекция оқып, тарихи ескерткіштің құндылығы жайлы көп ақпарат берді.
Тараз қаласының орталығындағы кесене моңғол елінің әскербасысы, түрік Ұлы Білге Икбалхан Дәуітбектің қабірі басына салынған. Аңыз бойынша атақты қолбасшы шайқаста қаза тауып, осында жерленген.
Дәріс сабағына ф.ғ.к, доцент Зәуре Сағыбай қатысып, мұндай ел көлеміндегі тарихтың студенттерге өте құнды екенін айтты. Сондай-ақ дәріс өткізуші әріптесіміз Гүлмарал Үшкемпірқызына өз алғысын айтты.
«Ежелгі Тараз ескеркіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мекемесінің дәріс-сабақтары жалғасуда. Бүгін ұжымдағы ғылыми бөлімнің қызметкері Ақдидар Кәрібекова М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде болып, «Киелі Тараз жерінің тарихи куәгері – Қарахан кесенесі» сабақ өткізді. Арнайы дәріске «Тарих» мамандығының екінші курс студенттері қатысқан болатын.
Сабақ барысында өңірдегі ең сәулетті ескерткіштің бірі саналатын Қарахан кесенесі жайында кең мағлұмат берілді. Тарихи тұлға өмір сүрген кезең туралы айтылып, ХІ ғасырдан бері қарай сүйегі сақталған ескерткіштің қайта жаңартылуы, бүгінге дейін мұндай төл жәдігерімізді қорғау, күтіп-ұстауда қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы да сөз қозғалды.
Сабақ соңы сұрақ-жауап алмасумен аяқталды.
Бүгін «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» ғылыми бөлімінің қызметкерлері Кәрібекова Ақдидар, Гүлмарал Қамбар М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде студенттерге дәріс өткізді. «Журналистика» және «Тарих» мамандығында оқитын бірінші курс білімгерін қамтыған қос сабақтың тақырыбы өте қызық. Біріншісі – «Көне Тараз; өткені мен бүгіні» деп аталса, екіншісі – «Жүніс байдан қалған монша» деген атаумен шәкірттердің алдында оқылды.
Гүлмарал Үшкемпірқызы оқыған тақырыптағы ортағасырлық ескерткіштердің бізге дейін жетуі, өзіндік боямасыз тарихы, бұрын айтылмаған тың деректер алғашқы курсқа келген студенттерді таң қалдырып отыр. Өйткені, сабақ барысында сұрақтар да көп қойылып, тақырып аясы кең түрде талданған болатын. Ал Ақдидар Жәнібекқызы оқыған дәрісте, жалпы мақсат – Көне Тараз қаласының тарихи даму кезеңдерін қарастырып, оның мәдени және экономикалық маңызын ашу. Сонымен қатар, сабақта қала өркениетінің өткені мен бүгінгі жағдайын салыстырылып, тарихи мұраның сақталуы мен зерттеу қажеттілігі айтылады. Яғни дәріс тыңдаушыларды тарихи білім беру арқылы өткен мұрамызды қадір тұтуға шақырады.
Айта кетейік, аталған сабақ барысында университеттің аға оқытушысы Ақнұр Көбесова студенттердің алдағы уақытта біздің мекемеде іс-тәжірибеден өтуге өз ұсынысын білдірді.
Page 35 of 199
14 Feb 2025
406