Ежелгі Тараз

Тараз тарихы

Ежелгі Тараз қалашығы

Тараз қаласының тарихи бөлігі, яғни цитаделі қазіргі орталық базардың астында жатыр. Мұнда қаланы билеушілердің резиденциясы орналасқан. Цитадельге жапсарлас қабырғамен қоршалған қаланың «шахристан» деп аталатын бөлігінде зиялы қауымның, бай саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері және шығыс базары мен мешіт, ал шахристан қабырғаларына жапсарлас қолөнершілердің шеберханалары, үйлері-рабад орналасты.

Археологиялық табыстар

Ежелгі Тараз қаласының аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық моншалар, мыс-қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылды. Қаланы қоршаған қабырғаның қалыңдығы 1,25 м, ал биіктігі 9-10 м болған.

Қазіргі уақытта Шахристанның шығыс қабырғасының іздері сақталған (Мирзоян көшесі жағында).

Қараханидтер империясы

Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы да құрамында болған сол дәуірдегі ірі мемлекеттердің бірі - Қараханидтер империясы құрылды. Ол ХІІ ғасырдың соңына дейін өмір сүрді. Тараз қаласының гүлденуі Қараханидтер мемлекеті кезеңімен тұспа-тұс келеді.

Сәулет өнерінің дамуына жақсы жағдайлар туындайды. Сол кездегі мәдениеттің жоғары деңгейде болғанына орталық базар аумағынан табылған Х-ХІІ ғ.ғ. мерзімделетін екі монша куә.

Тас көпір

Талас өзеніне салынған тас көпірдің құрылысын да зерттеуші ғалымдарымыз осы дәуірге жатқызады. Бұл «Ұлы Жібек жолындағы» керуендер, саудагерлер, саяхатшылар және Тараз қаласының тұрғындары пайдаланатын көпір болатын. Көпір туралы алғаш рет Х ғасырда араб саяхатшысы аль-Макдиси, ХІІ ғасырда Лаос монахы Чань-Чунь жазды.

«Көне Тараз» музейі мен археологиялық саябақ

Қазіргі заманғы қаланың орталық бөлігінде ежелгі Тараз қаласының үйіндісі сақталған. Алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары ХХ ғ. 30-шы жылдары басталған және сол кезде ғалымдар археологиялық саябақ құру туралы мәселені қарастырған болатын.

2011 жылы Тараз қалашығының шахристан аумағында ауқымды археологиялық қазба жұмыстар басталып, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенін құру, кешен аумағында «Көне Тараз» музейі мен ашық аспан астындағы археологиялық саябақты құру жоспарланды.

«Көне Тараз» музейі 2015 жылдың қазан айының 8 жұлдызында «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойы қарсаңында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

Археологиялық парк

Тараз қалашығының жалпы көлемі 10 га қамтиды. Археологиялық паркінің аумағында жоспарлы түрде археологиялық және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні осы аумақта Тараз қаласының орталық бөлігіндегі ортағасырлық Қарахан дәуіріне X-XII ғғ. жататын қала құрылысы табылды: магистральді көше, қоғамдық және тұрғын үй құрылыстары: монша-хамам, екі керуен-сарай, тұрғын және сауда ғимараттары, су жүйесі.

2011-2016 жж. археологиялық қазбалардың үстінен атмосфералық жауын-шашыннан қорғайтын шатырлар құрылды. Археологиялық саябақ аумағында ортағасырлық археологиялық құрылымдардың үстінен экскурсиялық жаяу жүретін көпірлер орналастырылған.