Ежелгі Тараз

Қор сақтау және есепке алу бөлімі

27.12.2025

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қоры

             «Көне Тараз» археологиялық саябағының құрылуы музей қорының жаңа деңгейде қалыптасуына жол ашты. 2015 жылдан бастап қорды жүйелі толықтыру жұмыстары қолға алынды. 2011–2017 жылдар аралығында Тараз қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында зерттелген бірнеше мәдени қабаттан табылған құнды жәдігерлер музей қорының ғылыми және тарихи мәнін жаңа деңгейге көтерді.

              Музей-қорықтың археологиялық коллекциясы – металдан, тастан, сүйектен және шыныдан жасалған бірегей бұйымдармен қатар, сан алуан керамикалық жәдігерлерді қамтитын құнды мұра. Ежелгі шеберлер күнделікті тұрмысқа арналған ыдыстарды, өрнекті кірпіштер мен су құбырларын сазды күйдіру арқылы жасап, өз дәуірінің жоғары технологиялық мәдениетін көрсеткен. Зергерлік әшекейлер, белдік жапсырмалар мен ортағасырлық теңгелер тау-кен ісі мен металл өңдеу саласының дамығанын, сондай-ақ сауда қатынастарының өркендегенін дәлелдейді. Бұл жәдігерлер Таразда қолөнершілердің тұрақты өмір сүргенін және көпестердің түрлі тауарлармен сауда жасағанын айғақтайды. Қалада билеушілер атынан теңге соғатын арнайы сарайлардың жұмыс істеуі экономикалық өмірдің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Қолөнер мен ғылымның дамуы өз кезегінде қалалық мәдениеттің гүлденуіне ықпал етті. Музей-қорықтағы археологиялық мұраның басым бөлігі Ұлы Жібек жолы бойындағы Ежелгі Тараздың X–XII ғасырлардағы өркендеу кезеңін сипаттайды. Табылған жәдігерлер сол дәуірдегі ғылымның, қолөнердің және мәдениеттің даму деңгейінің жоғары болғанын дәлелдейді.

            Қазіргі уақытта музей-қорық қорында мемлекеттік тіркеуге алынған 4144 сақтау бірлігі бар. Оның 4056-сы негізгі қорды, ал 88-і ғылыми-көмекші қорды құрайды. Жәдігерлер ғылыми тұрғыда археологиялық (2242) және нумизматикалық (1902) топтарға жіктелген. 

            Қор жұмысының маңызды бағыттарының бірі – жәдігерлерді есепке алу және жүйелеу. Бүгінде қор қызметкерлері құжаттандырумен қатар, есепке алу жұмыстарын жүргізіп, музейлік құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар музей мамандары қордағы жәдігерлер негізінде тақырыптық көрмелер, бейнеэкскурсиялар мен танымдық дәрістер ұйымдастырып, тарихи мұраны кеңінен насихаттауда. Қор қызметкерлерінің басты міндеті – музей қазыналарын сақтау, жүйелі есепке алу, үздіксіз толықтыру және ғылыми тұрғыда зерттеу болып табылады.


Бас қор сақтаушы

              Айдана Бесікбайқызы Жанбосынова 1991 жылы 02 қыркүйекте Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген. 2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің туризм мамандығын тәмамдаған. 2012–2014 жж. «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі» мемлекеттік мекемесінде ұйымдастыру және құжаттамалық қамтамасыз ету қызметінің біліктілігі жоғары деңгейдегі маманы (инспектор) қызметін атқарды. 2014–2017 жж. «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында қорды есепке алу және сақтау орталығының уақытша сақтаудағы экспонаттарды есепке алу секторының қор сақтаушысы болып жұмыс істеді. 2017–2023 жж. «University Service Management» ЖМ («Назарбаев Университеті» ДББҰ еншілес кәсіпорны) мұрағат басқармасының менеджері қызметін атқарды. Бүгінгі таңда «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас қор сақтаушысы. 


«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қор сақтау және есепке алу бөлімінің қызметкерлері:

455666.png 19.42 KB