«Қазақтың ұлттық ойыны – Асық ату»
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраны қорғау Үкіметтік емес комитетінің 12-ші сессиясы аясында «Қазақтың ұлттық ойыны – Асық ату» ЮНЕСКОның материалдық емес мұрасы ретінде танылып, тізімге кірді.
Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелеген. Ендеше көнеден келе жатқан ұлттық ойынның бүгінгі таңдағы өрісі қандай, асық ойындарының түрлері жайында аз-кем сөз етіп көрсек.
Асық ойыны – ұлттық спортымыздың бір түрі. Асық ойыны-қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Халқымыз асықты қастерлеген. Өйткені әрбір көшпенді өмір сүрген халықтың өмір салты, әдет-ғұрпы төрт түлік малға мейлінше байланысты. Осыған байланысты қаншама атау, ұғым-түсінік, таным мен пайым пайда болды. Қазақтың мақал-мәтелі де, аталы сөзі де асыққа байланысты құрылып, күнделікті байланысқа түсті. Одан өрбитін сөз де, мақал-мәтел де жеткілікті. Мысалы, қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар.Ол сәті түсіп,жол болып тұрғандығын білдіреді. Сондай-ақ халықтың «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» дегеніне түсінген адамға астарында үлкен мән жатыр.
Асық ұлттық ойыны соңғы уақытта мемлекеттік қолдауына ие болып, өзінің мәртебесін ала бастады. Елімізде Асық атудан жарыстар, ел біріншіліктері өтті. Асық ойынының федерациясы құрылып, оған белгілі дәреже де түбегейлі зерттеліп, зерделенген ойын ережелері бекітілді. Асық атудың жарысы бұрыңғы ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің және ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығымен бекітілген «Асық ойынының ережесі» бойынша өткізіледі.
Асықтың түрлері мен атаулары
Асық – төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа пішінде болады. Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі.
Алшы – асықтың иірілгенде табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған аса мән беріледі. Ол - бірінші дәрежелі асық.
Тәйке – асықтың иірілгенде табаны үстіне қарап, тұрық түсуі. Ол – екінші дәрежелі асық.
Бүге – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие.
Шіге – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.
Ерте де ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Тіпті сәби дүниеге келмей жатқанда, жас нәрестенің ойнайтын асықтарын жинаған. Асық ойындары тек қана қазақ халқына ғана таныс ойын түрі емес. Бұл ойынды Орта Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік ұлттары да әлі күнге дейін ойнап келеді. Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық ойындарының көп бала болып ойналатын түрі әрбір жас баланың намысын қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады. Асық ойынында үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.
Асық ойындары туралы сөз етуден бұрын, қазақ халқының асыққа деген айрықша көзқарасын айта кеткен орынды. Асық турасында ұлтымыз оны малдың, аңның жай ғана бір сүйегі ретінде қарамаған. Оған байланысты ежелден айтылып келе жатқан ырымдар бар. Мәселен, "Алты жыл аш болсаң да, асық мүжіме" деп кішкентай балаларға асық етін жегізбеген. Қасқырдың асығын өзіңмен бірге алып жүрсең тіл-көзден, ұшықтан аман-есен боласың. Атыс-шабыс болып кетсе, оқ та тимейді деген ырым бар. Тіпті, әлі күнге дейін адамдар сыртта жүргенде оқыс уақиға болса, аман қаласың деп сенеді.
Сондай-ақ қазақ жұртында асық үйіріп болжайтын ескілікті наным бар. Бүкіл тыныс-тіршілігі қорадағы малмен етене болған халқымыз асықтың қалай түсуін де сол төрт түлік малының белгісі деп қараған. Мәселен шік - ұсақ мал шопан ата мен шекшек атаның түліктері қой мен ешкінің, бүк - зеңгі бабаның түлігі сиырдың, тәйке - қамбар атаның түлігі жылқының, алшы - ойсыл қараның түлігі түйенің, баламасы деп, үйірген асықтың түсуіне қарай алдағы уақыттың малдың қай түлігіне тиімді болатынын болжайды. Ал асық арқылы бал ашу мақсатымен жолаушының жолынан, жоқ іздеген жоқшының соңынан, аңшының олжасынан, құрған қақпанның қанынан хабары деп тілек сөз айтып, асық үйіріп болжаған. Әрине, асық алшысынан жатса, ол жолаушыға ақ жол, аңшыға қан болған қанжыға, ойға алған ісінің оңға басатынын шамалап отырған. Сондықтан да алшысынан түскен асық жоғары бағаланып келген. Қысқасы осы тектес, асыққа байланысты ұлтымыздың наным сенімі, ырымдары көп болған
Асық ойыны ежелден келе жатқан ұлттық ойынымыз, әрі аса көп шығынды қажет етпейтін, адамды ептілікке баулитын ойын түрі. Сондықтан оны дамыту маңызды болуда. Жыл сайын ел ішінде асық ойыны жарыстарын көптеп ұйымдастырудың өз мақсаты бар. Ол, біріншіден, жастарды спортқа баулу болса, екіншіден ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынды қайта жандандыру.