Құсбегілік – қазақ салт-дәстүрінің ажырамас бір бөлігі
Құсбегілік Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының ғаламдық тізіміне 2016 жылы қосылған болатын.
Қазақ халқының тектілігін, жігіттерінің серілігі мен жүректілігін танытатын бұл өнер аса білгірлік пен мықтылық, қырандай қырағылықты талап етеді. Нағыз құсбегілердің табиғаттың аса асау, жыртқыш, қауіпті құспен тіл табысып, оны айтқанына үйрету үшін де ұзақ уақыт пен төзімділікті, біліктілікті талап етеді. Жаратылысынан жабайы, жыртқыш болып жаралған қыранқұсты шошытып, үркітіп алмай байланысуы аса маңызға ие. Құсбегілер алғашында жағымды дыбыс пен ақырын үн қатудан, шақшиып, тесіле қарамай, жылы қараудан бастайтын көрінеді. Себебі, адам дыбысы мен адам көзінен қорықпайтын хайуан болмайды. Осыны ескере отырып, құсбегілер қалай болғанда да өзінің зиянсыз екенін құсқа сезіндіруі қажет-ақ.
Құсбегілік – қазақ салт-дәстүрінің ажырамас бір бөлігі. Ол тек біздің ұлтқа тән барлық асыл қасиеттердің көрінісі. Жер бетінде қазақ деген ұлт бар кезде бұл өнердің жойылып кетуі мүмкін емес, керісінше қарыштап дамып келе жатқандығына күн сайын куә болып отырмыз. Ұрпақтарымыздың да бұл дәстүрден ажырамасына сенеміз. Себебі қыран құстың асқақтығы мен тектілігі біздің халықтың бойына сіңген қасиет. Қыран - қазақ елі үшін еркіндіктің, тәуелсіздік пен бостандықтың символы. Осы тұғырынан түспегей.