Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
31 мамыр – халқымыз үшін тағылымы мол тарихи күн. 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығына орай 31 мамыр-Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. Сталиндік репрессия жылдары 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы атылған. Олардың арасында қазақ халқының көрнекті перзенттері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз бар. Тәуелсіздік таңымен бірге жазықсыз жазаланған арыстарымызды ақтау дәуірі басталды. Қызыл қырғын зардабы Әулиеата өңірін де жалындай шарпығаны тарихтан белгілі. «Халық жауы» деген жалған жаламен облыстың 5 мыңнан астам тұрғыны жазалауға ұшырап, 845 адам жазықсыз атылып кеткен.
Олардың қатарында Қабылбек Сарымолдаев, Сыдық Абланов, Әшір Бүркітбаев сияқты ел ардақтылары да болған. Атаулы күнге орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық- музей ұжымы Тараз қаласындағы даңқты мерген Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті.