«Алаштың – Әлиханы» тақырыбында жылжымалы үйірме ұйымдастырылды
Мәңгілік ел болуға қарышты қадам жасаған тәуелсіздіктің қадірін тереңнен түсінген тәуелсіз елде азат ой бостандығымен өткенімізді саралап, алаштық асқақ рухымызды көтеріп, келешектің кемесінде бостандықтың байрағын желбіретіп, алып мұхиттың арнасына жол салдық. Талай-талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, өмір айдынындағы қытымыр қыс пен саясат ызғырығында сан мәрте қалтырап, сонда да қайсар рухымызды сындырмай, кешегі Алаш көсемдерінің көрегендігі мен ерен еңбегі нәтижесінде қазіргі тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толып, Алаштың нұрлы аспанына бөркімізді ата қуанып жатырмыз.
Таусылмас табандылық пен жасымас жігерін көрсеткен дана болмысты, озық ойлы Алаш көсемдеріне сол үшін баршамыз қарыздармыз, олардың азаматтығы, ұлтына деген адалдығы мен қайсар қаһармандық үлгісі – бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге, ғажайып ғибраттың қайнары. Далалық дархандық пен мәрттікті болмысына сіңіріп, өр мінезі, айбынды мысымен жауының бетін қайтарып, жанарын жасытқан Алаш көшбасшыларының бірегейі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді. Ол қазақ халқының азаттық қозғалысының тарихындағы белгілі тұлға, ХХ ғасырдың басындағы туған халқын бостандық пен еркіндікке жеткізу ісінің жетекшісі, Отан тарихындағы орны ерекше саяси қайраткер. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Бөкейхановтың асыл болмысы мен ұлттық идеяға суарылған алып ойлары ақиқатқа айналып, атылып кеткенге дейінгі ғибратты ғұмыр жолдарында тек жаны да, ойы да тек «қазақ» деп өріліп, көкірегіндегі терең күрсінісі мен жүрегі де тағы «қазақ» деп соқты.
Шынайы ұлтшыл тұлға, белгілі ғалым, қоғам қайраткері, қазақтың мақтанышы – Әлихан Бөкейхановтың туғанына биыл 155 жыл толып отыр. Осыған орай ҚР мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Тараз қаласындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепке «Алаштың – Әлиханы» тақырыбында жылжымалы үйірме ұйымдастырылды. Үйірме барысында ұлы тұлғаның өмірбаяны мен фотосуреттерінен көрме ұйымдастырылды.